СҚО-да тек құлпытас жасаумен айналысатын ерекше ауыл бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Горное елді мекені тұрғындары құлпытас жасауды кәсіпке айналдырған. Кейбірі бұл іспен 30 жылға жуық айналысып келеді. 

СҚО-да тек құлпытас жасаумен айналысатын ерекше ауыл бар
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Горное ауылы Жаман-сопка шағын тауының етегінде орналасқан. Елді мекен мал шаруашылығымен айналысуға қолайсыз, сол себепті тұрғындар тас өңдеуді қолға алған. Мұнда қазір 30 шақты үй болса, соның жартысынан астамы құлпытас жасайды.

Қорғанбек Әбілов
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Қорғанбек Әбіловтің бұл ауылға көшіп келгеніне 20 жылдан асқан. Жүргізуші, құрылысшы болып істеген ол соңғы 15 жылдан бері тас өңдеп, тапсырыс қабылдайды. 

Қорғанбек Әбілов
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

– Шөп алу керек, отын алу керек, бір тасымды өткізсем бір қыстық отынымды сатып аламын. Мен қазір зейнеткермін, мен үшін бұл ермек, жастарға қиын. Таспен жұмыс істеу оңай емес, «тас қопарып келдің бе» деп бекерден айтпайды ғой.

Бұл тасты ана жақта карьер бар, содан аршып алу керек. Екі-үш жігіттен жүреді. Қопарып, тазалап, кесеміз, сосын артып әкеліп, үйлерінің қасында істейді. Бір-бірімізге көмектесеміз, әкелісеміз. Шаңның ішінде отыру оңай ма, - дейді Қорғанбек Әбілов.

Қорғанбек Әбілов
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Қабір басына қоятын тасты жасау үшін зейнеткер 3-5 күн уақыт жұмсайды. 

– Жастар 1-1,5 күнде істейтін шығар мүмкін. Әдемілейміз, туған айдың суретін саламыз. Бұл дайын тас, биіктігі 1,60 см.

Іздеген кісілер керегін айтып, тапсырыс береді. Астынан жерге көміп орнатуға 50 см қалдырамыз. Әртүрлі тасқа тапсырыс береді, кейбірі тіпті 2-2,5 метр биік қылуымызды сұрайды, - дейді ауыл тұрғыны.

құлпытас
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Шебердің айтуынша, бұрынғыдай емес, құлпытастың пішіні өзгерген. 

– Аталарымыз бұрын зиратқа басы дөңгеленіп келген тастарды қойған, нағыз қазақтың, мұсылманның тасы осындай болуы керек. Бізде істейміз, бірақ көбіне тапсырыс берушінің тілегі орындалады, - дейді Қорғанбек Әбілов. 

Қорғанбек Әбілов
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Көрші үйдегі Қайрат Шоқыбаев та 25 жылдан артық құлпытас жасаумен айналысып келеді. 

– Алдында «болгарка» жоқ кезде қолмен істедік. Ол кезде қиын болатын, қазір негізгі жұмыс электр құралдармен атқарылады. Адамдардың біреуі қалыңын іздейді, біреуіне жұқасы керек. Ең қиыны, меніңше, қажетті материалды тауып алу. Кейде қажетті тас табылмай апталап жүріп қаламыз. Сосын үйге кейде артып, кейде трактормен сүйреп әкелеміз. Ал үйдің жанына келгесін ақырын ыстыққа, суыққа қарама істей береміз, - дейді ауыл тұрғыны. 

құлпытас
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Горныйда жасалған құлпытасты көрші өңірлерден келіп әкетеді екен. 

– Қарағандыдан да келіп әкеткендер бар. Көрші Ресейдің Түменінен, Омбы, Қорғаннан келіп алады. Негізінен Көкшетау мен өзіміздің облыс тұрғындары келеді. Себебі мықты тастар, таза гранит, сол үшін келеді, ұзақ тұрады, жазуы да кетпейді. Осында жиырма шақты адам айналысамыз, бірақ айырмашылық болады ғой, әркім әртүрлі істейді. Суреті әртүрлі. Бірі қалың, енді бірі жұқа етіп істейді. Бетіндегі мешіт суреті де әртүрлі салынады. Яғни, әркімнің қолтаңбасы бар. Өз тасымды мен бірден танимын, - дейді Қайрат Шоқыбаев.

Қорғанбек Әбілов
Фото: Қорғанбек Әбіловтің жеке мұрағатынан

Бұған дейін Петропавлда көне Құрандар көрмесі өтіп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар