СҚО-да үш мектеп толық, 61 мектеп ішінара қашықтан оқып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ-мен ауырған балалар саны соңғы үш күнде 977-ге азайды.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, 28 қараша күні ауырған балалар саны шарықтау шегіне жетіп, мониторинг барысында 75 мектептен 2 746 оқушының ауырып жатқаны анықталған. Салдарынан 402 сыныптың 4 мыңға жуық оқушысы қашықтан оқуға жіберілді.
Мамандардың айтуынша, қазір ауырғандар саны азайып келеді. Бүгінде 1 769 оқушы вирус жұқтырып, барлығы 274 сыныптың 2 602 оқушысы уақытша онлайн форматқа көшірілген.
Толық қашықтан оқытуға Айыртау ауданындағы Арықбалық орта мектебі, Шал ақын ауданындағы «Ақан-Барақ» орта мектебі және М. Ахметбеков атындағы орта мектеп ауыстырылды.
Сонымен қатар 61 мектепте жекелеген сыныптар қашықтан оқып жатыр.
Петропавл қаласында 23 мектеп, Шал ақын ауданында 9 мектеп, Қызылжар ауданында 3 мектеп, Аққайың ауданында 5 мектеп, М. Жұмабаев ауданында 6 мектеп, Тайынша ауданында 2 мектеп онлайн форматқа көшірілді.
Сондай-ақ Тимирязев ауданында 4 мектеп, Жамбыл ауданында 5 мектеп және Петропавлдағы облыстық деңгейдегі 4 мектеп оқушылары қашықтан білім алып жатыр.
Бұған дейін ШҚО-да 35 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алып жатқанын жаздық.
Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының қолайсыз метеорологиялық жағдайда мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын қашықтан оқытуға көшіруге қатысты сауалына жауап бергенін жазған едік.