СҚО-да үстеме жұмысқа заңсыз жегілген 100-ге жуық мемқызметшінің құқығы қорғалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік органдарда еңбек және жұмыс уақыты режимінің сақталуына байланысты жыл басынан бері 12 мониторинг жүргізілді.

Соцсети стали инструментом разоблачения законопорушений госслужащих в Жамбылской области
Фото: freepik

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, әлі де мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режимін сақтамау, жұмыс күні аяқталғаннан кейін заңсыз үстеме жұмыс істеу фактілері кездеседі.

- Мемлекеттік қызметшілердің еңбек уақытын реттеу - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін және мемлекеттік қызметшілердің құқығын сақтауды қамтамасыз етеді. 

Тексерулер мемлекеттік органдарға бару арқылы да, қашықтан бақылау жүйелері арқылы да жүзеге асты.

Мониторинг барысында бірқатар мемлекеттік қызметшінің жұмыс режимін сақтамау фактілері анықталды. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін үстеме жұмысқа заңсыз тарту жағдайлары тіркелді. Яғни көп жағдайда тиісті құжаттық ресімдеусіз жүргізіледі, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов. 

Нәтижесінде, 94 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды, оның ішінде 89 қызметкерге қосымша демалыс сағаттары берілді, ал бесеуіне ақшалай өтемақы төленді. 

- Мемлекеттік органдардың басшыларына бағынышты қызметкерлердің құқығын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 89-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Десек те, мемлекеттік қызметші де өз құқығын біліп, артық жұмыс істеуге өз еркімен келісу арқылы басшылықты жауапкершіліктен босатпауы қажет.

Кей жағдайда мемлекеттік қызметші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін кетуге асықпайды. Бұл да еңбек тәртібін бұзу болып саналады және ол тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - дейді Ержан Қарымсақов. 

Маманның айтуынша, бұл жұмыс уақытынан тыс мемлекеттік мүлікті - электр қуатын, кеңсе жабдықтарын ұтымсыз пайдалану ретінде бағаланады.

Бұған дейін СҚО-да жарты жылда мемлекеттік қызмет заңнамасын бұзудың 500-ге жуық фактісі анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар