СҚО-да жыл басынан бері 260 адам скарлатина жұқтырған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында скарлатина ауруын жұқтырғандар саны 30% төмендеді. Жіті инфекциялық аурумен көбіне балалар ауырады. 

БҚО-да скарлатинаның таралуына жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылданып жатыр
Фото: pexels.com

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ауырғандар саны азайғанымен, жыл басынан бері 261 адамға скарлатина диагнозы қойылған.

«Скарлатина — бұл интоксикация белгілері — бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздікпен қатар, бадамша бездердің қабынуымен және терінің бөртпесімен қатар жүретін жоғарғы тыныс жолдарының жіті инфекциялық ауруы. Бұл дертті адамдардың көпшілігі балалық шақта жұқтырады. Аурудан кейін өмір бойына тұрақты иммунитет қалыптасады. Скарлатинаға қарсы екпе қарастырылмаған», — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, инфекция ауру адамнан ауа арқылы жұғады. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы, яғни 2 жастан 8 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Өйткені олар стрептококкқа өте сезімтал келеді. Адам ауырғаннан кейін инфекцияның тасымалдаушысы болады және оны жұқтырған сәттен бастап одан кейінгі 3 апта бойы басқа адамдарға жұқтыра алады.

«Аурудың алғашқы белгілері стрептококк инфекциясын жұқтырғаннан кейін 2-7 күн өткен соң пайда болады. Алдымен температура 39-40°C дейін көтеріледі, содан кейін әлсіздік, бас ауруы пайда болады, кейде ауырған адамның жүрегі айнып, құсады. Жұтыну кезінде ауырсыну сезіледі, бадамша бездері үлкейіп, үстінде сұрғылт жабын болады. Скарлатинаның алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау керек. Балаларды қолды үнемі жууға, ауыз қуысын күтуге үйрету керек. Жеке сүлгісі, тіс щеткасы, бөтелкесі болуы тиіс. Осы қарапайым шаралардың барлығы стрептококк инфекциясының таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді», — дейді Арман Күшбасов.

Сондай-ақ маман жұқпалы инфекциядан сақтану үшін адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, үй-бөлмені жиі жуып, желдетуге кеңес береді. ЖРВИ белгілері бар адамдармен байланысты шектеу, ауру белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспау және дәрігерді үйге шақыру — орындалуы тиіс шарттар.

Бұған дейін СҚО-да бір ай ішінде 10,3 мың адам ЖРВИ-мен ауырғандығын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар