СҚО-да жылыту маусымы басталғалы өрттен 8 адам мерт болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 376 өрт болды, соның 55-і жылыту маусымы басталғалы тіркелді. Көп жағдайда пеш пен электр құрылғыларын пайдалануда өрт қауіпсіздігін сақтамау себеп болған.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, биыл өрттен 29 адам мерт болды, тағы 5 адам иіс тиіп көз жұмған. Жарақаттанғандар саны 42% артқан. Биыл 34 адам өрт кезінде жарақат алса, 21-і — көмірқышқыл газына уланған.
«275 жағдай немесе өрттің 74% жеке тұрғын үй секторында болды. Қарапайым қауіпсіздік ережесі сақталмайды, пештің дұрыстығына көңіл аударылмайды.
Алдын алу үшін 75 мыңнан астам үйді аралап шығып, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Оның ішінде спирттік ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдаланатындар да бар.
Жылыту маусымы басталғалы өртте 8 адам, соның ішінде бір бала мерт болды. Бір адам иіс тиіп көз жұмды. 8 млн теңгенің материалдық шығыны келді», — дейді Дмитрий Растихин.
Қазіргі уақытта 11 мыңнан астам тұрғыны бар 4,5 мыңға жуық жеке тұрғын үй ведомствоның есебіне алынған. Мұнда тұрмысы төмен отбасылар тұрады. Бұл үйлердің 3,6 мыңына түтін және көмірқышқыл газы датчигі орнатылған. Тексеру кезінде 1,3 мың баспанада өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғандығы анықталды.
«Өткен аптада республика бойынша бірнеше төтенше жағдай тіркеліп, 12 адам қаза тапты. Сол себепті тұрғындардан ескертуге бейжай қарамай, үйдегі пештің, электр желілерінің жағдайын және электр жылытқыштар болса, оның дұрыс істеп тұрғанын тексеруді сұраймын. Пештің қақпағының алдында міндетті түрде қаңылтыр төсеме болуы тиіс. Пешті жағып, оны қараусыз немесе балаға сеніп қалдыру және отынды тұтатуға бензин, керосинді қолдану қауіпті екенін ескертеміз», — дейді Дмитрий Растихин.
Бұған дейін Петропавлдағы жолаушы тасымалына қосымша субсидия берілгенін жазған едік.