СҚО-да жол мамандары төселген асфальттың тез бұзылу себептерін түсіндірді

асфальт сапасын тексеру
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл республикалық маңыздағы автожолдарды жөнге келтіруге ғана 22 млрд-тан астам теңге жұмсалмақ.

Жылда осылайша қомақты қаражат бөлінеді, алайда, кей жолдар бір-екі жылға ғана шыдас беріп, ойылып қалады. «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы зертханасының меңгерушісі Марат Дарбаев жаңадан төселген асфальттің тез бұзылу себептерін айтып берді.

Маманның айтуынша, жолдың сапасын бақылау оны жобалау процесінде қолға алынуы тиіс. Бірақ қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты жоба қажетті жұмыстардың жиынтығынан емес, бөлінген ақшаның көлеміне баланысты жасалады.

асфальт
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

«Егер техникалық құжаттамаға енгізілген барлық компоненттердің саны сақталса, асфальт жабыны сапалы болып шығады. Бірақ, өкінішке орай, мердігер ұйымдар талапты әрдайым сақтай бермейді, салдарынан асфальтбетон жабыны жарылып, шұңқырлар, қабыршақтану және т. б. ақаулар пайда болады. Пайдакүнемдік мақсатта кейбір мердігерлер сапасыз материалдарды қолданады, тиісті технологияны сақтамайды, бұл асфальттың беріктігін азайтады», - дейді Марат Дарбаев.

Десек те барлық жағдайда жолды жөндеуге тапсырыс берушілер мен мердігерлерді кінәлаған дұрыс емес. Жолшының айтуынша, асфальтбетон жабынының сапасы мен қызмет ету мерзіміне кері әсер ететін көптеген фактор бар.

«Климаттық жағдай, бұл көктем кезеңіндегі ең маңызды мәселелердің бірі, күндіз температура жоғары көтеріліп, қар еріп, су микроойықтарға жиналады, кешке қайта күн суытып, салдарынан су мұз боп қатып, кеңейеді және жол жамылғысы өз қасиеттерін жоғалта бастайды, үгітіліп, жарылады. Мұндай процесс бірнеше рет қайталанады, салдарынан ойықтар пайда болады. Петропавлда нөсер кәрізінің болмауына байланысты бұл мәселе өте өзекті, еріген қар суы баратын жері болмағандықтан жол бойына жиналады. Ал су - асфальтбетонның бірінші жауы», - дейді зертхана меңгерушісі.

асфальт сапасын тексеру
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

Маманның айтуынша, тағы бір мәселе - бұл асфальт жабынына көлік ағынының жүктемесі.

«Автомобиль жолдарының негізгі желісі кеңес заманында жобаланған, яғни бұрынғы көліктердің оське түсетін жүктемесі аз болатын. Жыл сайын көлік ағыны мен қарқындылығы артып келеді, бүгінде жолдарда бір теміржол вагонының жүгін тасымалдай алатын жүк көліктері пайда болған. Біздің облыстың автожолдарында жүргізілетін орташа жөндеу бұл жүктемеге төтеп бере алмайды. Өйткен жұмыс жүргізілгенде негізі ауыстырылмайды, тек жабыны ғана жаңартылады. Бірақ осындай проблемаларға қарамастан, кепілдік кезеңінде пайда болған ақауларға мердігер, техникалық қадағалау қызметі және тапсырыс беруші жауапты. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы шартқа сәйкес кепілдік кезеңінде пайда болған ақауларды мердігер өз есебінен жояды», - дейді Марат Дарбаев.

Жалпы биыл «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы республикалық автожолдар бойынша 23 нысанда атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасын іріктеп бақылаған. 295 сынама алынса, соның 58 сынамасы, яғни 20% нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеген. Бүгінде олардың барлығы жойылды.

асфальт сапасын тексеру
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚО филиалы

Облыстың автомобиль жолдарында филиал қызметкерлері бес нысанды тексеріп, 133 сынама алған. Оның 8 сынамасында сумен қанығу, тығыздық коэффициенті параметрлері бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Қазіргі уақытта алтауы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Петропавлда тасқыннан кейін сүрілуі тиіс 2 мыңнан астам үйдің 400-і бұзылғандығын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар