СҚО-да ЖРВИ-мен ауырғандар саны азайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ-мен сырқаттанушылық шарықтау шегінен өтіп, жұқтырғандар саны бір аптада 33% төмендеді.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы бір аптада ЖРВИ-ді жұқтырудың 1,1 мың жағдайы тіркелді. Жалпы, қазан айынан бері өңірде жедел респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырған 42 мыңға жуық адам дәрігерге көрінген. Бұл өткен эпидмаусыммен салыстырғанда 7% төмен. Өткен жылы осы кезеңде 45 мыңға жуық жағдай тіркелген. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр. Яғни, жалпы сырқаттанғандардың ішіндегі олардың үлесі — 27 мың.
Сондай-ақ, биылғы эпидмаусымда A/H3N2 типті тұмауды 207 адам жұқтырды. Оның ішінде 78-і — 14 жасқа дейінгі балалар, ал қалған 129-ы — ересектер.
Мамандардың айтуынша, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі — жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың негізгі белгілеріне жатады. Мұндайда өздігінен ем қабылдауға болмайды. Міндетті түрде медициналық көмекке жүгініп, қажет болған жағдайда дәрігерді үйге шақырған жөн.
Аурудың ұзаққа созылуы түрлі асқынуларға әкелуі ықтимал. Соның ішінде ең қауіптісі — пневмония. Сондықтан дәрігерлер ауру белгілеріне бейжай қарамай, дер кезінде ем қабылдаудың маңыздылығын ескертеді.
Бұған дейін Қызылорда облысында ЖРВИ-дің 72,5 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін жазған едік.