СҚО-дағы әрбір төртінші жол-көлік оқиғасында жүргінші зардап шегеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші кезеңі аяқталды. Он күн ішінде полицейлер жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 315 дерегін анықтады.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының ең көп тараған түрлерінің бірі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Облыста жыл басынан бері осындай 25 факті тіркелді, 2 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алды.
Рейдтер мен жедел-алдын алу іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтауға бағдарланған. Оған жүргіншілер өткелдерін жүріп өту ережелерін бұзу кіреді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің тәртібі де полицейлердің наразылығын тудыратындығын атап өткен жөн.
СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах: «Жолды белгіленбеген жерде немесе бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту — жолдарда ең жиі тіркелетін деректердің қатарында. Мәселен, 20 мамырда аяқталған «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы 10 күні ішінде облыста жаяу жүргіншілер 315 рет жол жүру ережесін бұзған. Бұл көлік жүргізушілерінің жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережесін бұзудан әлдеқайда көп, мұндай 29 факті тіркелген. Жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Естеріңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік жеке тәртіптен басталады», - дейді.
Бұған дейін Алматыда ақбөкен мүйіздерін сатпақ болды деген күдікпен 4 адамның ұсталғанын айтқан едік.