СҚО оқушылары ертең де мектепке бармайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында оқушылар көктайғаққа байланысты ертең де қашықтан білім алады. Ал республикалық маңызы бар жолдар мұздың еріп, жағдайдың жақсаруына байланысты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Петропавл қаласының әкімдігі қатты көктайғақтың күтілуіне байланысты мектеп оқушылары үшін сабақ ертең де қашықтан өткізілетінін хабарлады.

Қазіргі уақытта облыс орталығында 50-ден аса арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте Заречный мен Жұмысшы кенттері және Ойқала мен Жас Өркен ықшамауданындағы көпір мен көпірге көтерілетін, түсетін жолдарға, сондай-ақ магистральді жолдар мен жаяу жүргіншілер жолақтарына құм-тұз қоспасы шашылды.

Бүгін сағат 11.00 кезінде бірнеше бағыт бойынша республикалық маңызы бар жолдар жабылып, жүк көліктерінің қозғалысы шектелген болатын. СҚО Төтенше жағдайлар департаменті түс ауа жолдағы мұз еріп, жағдайдың жақсаруына байланысты трассалар ашылғанын мәлім етті.

Бұдан бөлек, облыста көктайғақ салдарынан қоғамдық көліктердің жұмысы да тоқтатылды.

Синоптиктер СҚО аумағына Атлантика циклоны әсер етіп жатқанын айтты. Салдарынан өңірде күн жылып, жауын жауды. Ал түнде екпіні секундына 23 метрге дейін жететін жел тұруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар