Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарда дайындық іс-шаралары күшейтіле түсті. Ақтоғай ауданында Сілеті өзенінде мұз кептелістерінің алдын алуға бағытталған жарылыс жұмыстары жүргізілді.

в
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Сілеті өзені 3 өңірдің — Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағы арқылы ағып өтеді. Сондықтан мұндай жұмыстарды уақтылы жүргізу тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуде аса маңызды. Сілеті әр көктемде Павлодар облысының Шолақсор елді мекеніне қауіп төндіреді.

— Жарылыс жұмыстары өзен арнасының тар үш учаскесінде жүргізілді. Жұмыстың жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрады. Мұз қабатын әлсірету үшін 126 килограмм жарылғыш зат қолданылды, — деп атап өтті өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Бұдан соң мамандар мұз қабатын әлсірету бойынша қосымша іс-шаралар өткізеді. Мұзды ұсақтап кесіп, сең кептелісінің алдын алады.

Еске сала кетейік, 2024 жылы құтқарушылар Павлодардағы Шолақсор ауылын тасқын судан аман алып қалған еді. 

Сол жылы Жалаулы ауылында 14 үйді су басып, төтенше жағдай режимі жарияланды.

Соңғы жаңалықтар