Смайылов Бас прокуратураға жолданған 5 істі жеке-жеке атап берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов фармацевтика саласына 2024 және 2025 жылдары жүргізілген аудит нәтижесінде Бас прокуратураға жолданған істерді атап берді.

- Бірінші факт – өткен жылғы аудит нәтижесі бойынша анықталды. Ол дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың елге кіруіне рұқсат құжаттарын заңсыз беруге қатысты, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, спикер биылғы аудиттер нәтижесінде тағы 4 факт анықталғанын атап өтті.
- Оның ішінде клиникалық зерттеулер аясында аяқталмаған жұмыс үшін Денсаулық сақтау министрлігінің төлем жасау дерегі бар. Келесісі, Инфекциялық аурулар ғылыми орталығының өздері жүзеге асырған Ғылыми-техникалық бағдарлама аясында тиісті құрылғыларды алмауына қатысты. Үшіншісі, бірыңғай дистрибьютерге шетелдік медициналық қолғапты отандық өнім ретінде көрсете отырып, жоғары бағада сату фактісі. Соңғысы, амбулаторлық-емдеу аясында тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектің жеке дәріханалар сөресінен табылуына қатысты, - деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, бұған дейін осы аудит аясында 5 іс Бас прокуратураға жолданғанын жазған едік.