13:19, 14 Қараша 2013 | GMT +5
«СНСП Ақтөбемұнайгаз» АҚ газды нормативтен тыс жаққаны үшін 5,3 млрд теңге залалдың орнын толтырады
АҚТӨБЕ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «СНСП Ақтөбемұнайгаз» АҚ ілеспе мұнай газының нормативтен тыс жағылуынан келген 5,3 млрд теңге сомасындағы залалдың орнын толтырады.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы акционерлік қоғамның қызметіне қатысты 2013 жылдың шілде айында тексеріс жүргізді. Тексерулердің нәтижесінде кәсіпорын нысандарында көптеген заңбұзушылықтар әшкереленді. Жекелей алғанда, газдың нормативтен тыс жануы Кенқияқ, Октябрьский мұнай өңдеуші басқармалары мен Жаңажол мұнай өңдеуші кешенінің зауыттарынан анықталды. Келтірілген залал мөлшерін өтеуден басқа, прокуратура АҚ-ны экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 2,4 млрд. теңге көлемінде айыппұл салды.