Соғым маусымы: ет бағасы өзгере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Күз келді, енді соғым маусымы басталады. Көпті алаңдататыны – еттің бағасы. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановқа осыған қатысты сауал қойған едік.
- Өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет қоры бар, бұл - бірнеше айға жететін көлем. Бағаны реттеу механизмі жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Ет тапшылығы жоқ. Ел ішіндегі баға саясатына импорттаушылар тарапынан қысым бар. Қымбаттауы мүмкін. Егер қымбаттаса, бағаны ұстап тұруға барлық механизм қарастырылған. Өйткені ет өндірісіне және оның өзіндік құнына қараймыз. Өзіндік құны - келісіне шамамен 1800–1900 теңге көлемінде. Ал қазір нарықтағы баға - 3500 теңгеден басталады, бұл - әлеуметтік баға, - деп жауап берді Азат Сұлтанов БАҚ өкілдерінің сауалына.
Сондай-ақ вице-министр барлық сауда алаңындағы бағаға талдау жасалғанын және тұрақты екенін айтып отыр.
- Ет бағасының төмендеуі жем-шөп қорының қамтамасыз етілуіне де байланысты. Қыста шамамен 30 млн тонна жем-шөп қамтамасыз еттік. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құны әрқашан шикізат құнына байланысты емес, оған жалақы және басқа шығындар да кіреді. Қыркүйек айында баға бүгінгі деңгейде сақталады. Сонымен қатар бағаға көрші елдер тарапынан артқан сұраныс әсер етеді. Нарықты реттемейміз, - деп сендірді министрдің орынбасары.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасына қатысты нарыққа тікелей бұйрық бере алмаймыз деген еді.
Айта кетейік, биыл елімізде 7 айда 608,8 мың тонна ет нарыққа шығарылды.