Соғыс кезінде дала поштасынан келген үшбу хаттарда не жазылған еді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының архивінде 1941-1945 жылдар аралығында дала поштасынан келген хаттар сақтаулы.

а
Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

Жауынгерлер үшбу хатын жерлестерін тылдағы еңбек қарқынын күшейтуге жігерлендіру үшін жазған. 

— 1942 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің құжатында 18/26 әскери бөлімінің саяси басшысы Шидеровтан Қызылорда еңбекшілеріне алғыс айтқан хат бекітілген. Хаттан облыс еңбекшілерінің «Барлық күш, барлық мүмкіншілік майданға көмекке жұмсалсын!» деген ұран аясында ұйымшылдық танытып, майданға көмек көрсетуге ұмтылғанын көреміз, — дейді Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарих филиалының бөлім басшысы Дана Қалтаева. 

а
Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

Дала поштасынан қалалық комитетке келген хатында Қызылорда қаласының тұрғыны, соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданда болған офицер-майор Валентин Кравченко Кавказдың Ворошилов қаласынан эвакуацияланған анасының елге қайтуына көмектесуді өтінген.

Ал кейбір хат иелері отбасындағы жағдайға алаңдап, материалдық тұрмысын түзетуге жәрдемдесуді сұраған.

Жауынгер хаттарынан елге сағыныш қана емес, майдан өмірі мен шындығы қатар сезіледі. Үшбу хаттар деп отырғанымыз — майдан хаттары. Хатты осылай буу екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасқан. 

а
Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

Оның үшбұрыш пішінде болу себебін облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиева түсіндірді. 

— Бұған бір емес, екі себеп болған. Майданның қиын жағдайында қағаздың өзі тапшы болған уақытта конверт пен мөр іздеп табу мүмкін болмады. Сондықтан поштаның «мобильді» нұсқасы ойлап табылды. Хат жазу үшін қағаз орамасы, тіпті темекі қорабы да пайдаланылды. Хаттың арнайы конвертке салынбай, үш буылуының тағы бір себебі — жауынгерлер жазған әрбір хат әскери цензурадан өтетін, — дейді ол. 

а
Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

Музей қызметкері соғыс уақытында хаттың конвертке салынуының немесе жай ұшбұрыш түрінде келуінің маңызына тоқталды. 

— Хаттың үшбу болып келуі ұлының, күйеуінің немесе әкесінің тірі екенін білдірген. Себебі мұндай хатты жауынгердің өзі жазатын. Егер конвертке салынған, мөр соғылған болса, бұл — хат келген отбасы үшін қаралы хабардың көрінісі. Қара қағаз дегеніміз — осы, — деді Әйгерім Бекқұлиева. 

Бұған дейін Петропавлда соғыс уақытында жұмыс істеген ет комбинатының жұмысшылары жоспарды 6 есе артық орындағанын жазғанбыз. 

а
Фото: Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

 

Соңғы жаңалықтар