Соғыс жылдары Ақтөбеге көшірілген зауыттар әлі жұмыс істеп тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе рентген зауыты әлі күнге жұмыс істеп тұр. Бұл зауыттар соғыс жылдары майдан даласына оқ-дәрі, жарылғыш заттар шығарды.

Зауыттарда шығарылған өнімдер мен тарихи фотолар сақтаулы
1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақтөбеге Мәскеу рентген зауыты, «Большевик» артелі, Харьков жылу-электр жобасы бөлімі, Витебск спирт зауыты, Экскаватор шеберханасы, қиыршық тас зауыты, танк жөндеу зауыты, жүн-тоқыма фабрикасы көшірілді.
Бүкіл зауыт-фабрика 1941 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығында жеткізілді. Зауытпен бірге жұмысшылар да келді. Бұл зауыттардың сол жылдардағы фотосы мен құжаттары Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.

— 1941 жылы Мәскеудегі рентген зауыты Ақтөбе қаласында көшірілді. Зауытта қорғанысқа қажетті өнімдер шығарылды. Сонымен бірге Днепропетровск қаласынан металл өңдеу артелі көшірілді. Атауы «Актюбсельмаш» болып өзгерді. Онда қару-жарақ, снаряд өндіріп, құрастырылды. Сонымен бірге Ақтөбе ферроқорытпа зауыты көшіріліп, 1943 жылдың қыс айында пеште алғашқы металл қорытылып, шығарылды. Тарихшылар, зерттеушілердің айтуынша, соғыс жылдарындағы оқтың үштен бірі осында шыққан. Жеңісті жақындатқан ірі өндірістер туралы сөз қозғағанды, осыны айтуға болады. Алғашқы директоры — В.Нахабин. Музейде құрылысшылардың, балқытушылардың, жұмысшылардың фотосы бар. КСРО министрлер кеңесінен алынған ауыспалы тудың түпнұсқасы тұр. Бұл ту үлкен кәсіпорындарға жетістіктері үшін берілді, — дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкентану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров.
Ақтөбе рентген зауытында Кеңес Одағының батыры Рауф Кутуев жұмыс істеген. Ол зауыт Ақтөбеге көшірілген кезде еңбек етіп, кейін әскерге шақырылған.

Госпиталь мен оқу орындары да көшірілді
Ақтөбеге көшірілген өндіріс орындары майдан даласына қажетті өнім шығарды. Көбі оқ-дәрі мен жарылғыш заттар. Мәскеуден көшірілген рентген зауытында ПМ-1, ПМ-2 жарылғыш заттары жасалды. Бұл саперларға, партизан отрядтарына қажет болды.
Сондықтан болар Мәскеу рентген зауытының атауы № 692 электртехникалық зауыт болып, тек 1954 жылы ғана Ақтөберентген деп өзгерді.

Нөмір құпия, аса құпия зауыттарға ғана берілді. Дегенмен мұнда тек жарылғыш заттар емес, медициналық құрал-жабдық жасалды.
Арасында жылжымалы стационары да болды. Бәрі де майдан даласына, тылдағы госпитальға жіберілді.

— Соғыс жылдарында Ақтөбеге «Большевик» артелі де әкелінді. Мұнда құрал-жабдық пен жұмысшылар отбасы келді. Зауыт «Автотракторсбыт» қоймасына орналастырылып, сол маңның бәрі өндіріске берілді. Сөйтіп 1942 жылы әуе өнеркәсібіне арматура шығарды. Танк жөндеу базасы Мәртөктің Жайсаң жеріне жеткізілді. Жөндеу базасында инженер-техникалық мамандар мен жұмысшылар болды. Сөйтіп соғыс жылдары облысқа 10-ға жуық өнеркәсіп кәсіпорны көшірілді. Тіпті 1941-1942 жылдары аралығында бірнеше әскери училище де көшірілді. Олар: В. П. Чкалов атындағы әскери авиация мектебі, екінші Бердичевский жаяу әскер училищесі, Камышинское танк училищесі, Мәскеу қолөнер училищесі. Қолөнер училищесінде оқығандар өндірістегі жұмысқа тартылды, — дейді тарихшы Дәулет Әбенов.

Оның айтуынша, Ақтөбеге 4 госпиталь көшірілді. Барлығы 1700 кереует жасақталды. Тек Ақтөбе қаласында емес, Алға, Шалқар аудандарында да емдеу орны дайындалды.
Аурухана, қонақүй, интернат мен мектеп ғимараттары госпиталь болды. Сонымен бірге Ақтөбеде Қалмық мемлекеттік театры, Т. Г. Шевченко атындағы Днепропетровск драма театры көшірілді.

— Соғыс жылдары, нақтыласақ 1942 жылы 28 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның тең жартысына жуығы жұмысқа қабілетті адамдар, ал 9 мыңнан астамы балалар. Сонымен бірге 8 мыңнан астамы қарт кісілер болды. Ақтөбеге қоныс аударғандардың көбі Киев, Курск, Ленинград, Мәскеу, Харьков қалаларынан еді. Алғашқылары 1941 жылдан бастап келсе, көші-қон 1942 жылы да жалғасты. Бәрі де орналастырылып, жұмысқа жарамдысы еңбекке араласты, — дейді тарихшы.

Айта кетейік, қазіргі кезде соғыс кезінде көшірілген Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмыс істеп тұр. Әлемдік нарықта салмақты өндіріс орны 10 жыл бұрын № 4 балқыту цехын іске қосты.
Өнім де екі есеге артып, жылына 700 мың тоннаға жетті. Сонымен бірге Ақтөбе рентген зауытының жұмыс істеп тұрғынана 80 жылға тақады.

Қазақстанмен қатар әлемнің бірнеше еліне рентген аппараттарын шығарады.
Ал «Актюбсельмаш» зауыты соғыстан зейін ауыл шаруашылығына қажетті құралдарды шығарған. Қазір бұл зауыт тарап кетті.

Еске салсақ, соғыс уақытында Петропавлдағы комбинат жұмысшылары жоспарды 6 есе артық орындаған.
