Соғыс жылдары Оралдағы мектеп әскери госпитальға айналған
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында А.Макаренко атындағы № 6 орта мектеп Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде госпиталь ретінде қызмет етті.

Мектеп директоры Асылбек Қалымбеттің мәлім еткеніндей, аталмыш білім ордасының іргесі 1937 жылы қаланған.
Асылбек Кеңесбайұлының сөзіне қарағанда, Орал қаласы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға жақын болғаны белгілі.
Ал Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы), Жәнібек аудандары Сталинград майданының жақын тылы болып жарияланды. Сайқын, Шоңай, Жәнібек станцияларын жау үздіксіз бомбалап жатты.
Осындай қиын-қыстау мезгілде Орал қаласындағы ғимараттарға госпитальдар орналастырылды.

А.Қалымбеттің айтуынша, 1942 жылы 13 қыркүйекте № 6 орта мектеп бойынша № 50 бұйрық шыққан. Онда жоғары тұрған ұйымдардың өкімі мен қалалық білім беру бөлімінің бұйрығы негізінде 15 қыркүйектен бастап мектепті жауып, оқушылар мен мұғалімдерді ерекше жарлыққа дейін тарату жөнінде жазылған.
Бұйрыққа директор Яков Родяның қолы қойылған.
Сөйтіп 1942 жылдың қараша айынан мектеп ғимаратында әскери госпиталь жұмыс істей бастады. Кабинеттер палаталарға айналды.

Мектептің 1943 жылғы түлегі Эдита Шавинаның естелігіне қарағанда, балалар оқып қана қоймай, госпитальдағы жаралыларға барып, хат жазуға көмектескен.
Концерттер ұйымдастырып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тіл білгірі Нестор Малечаның басшылығымен «Қолтырауын мектепте жүріп келеді» деген сатиралық газет шығарған.
Асылбек Қалымбеттің екпін түсіргеніндей, мектептің көптеген мұғалімдері мен шәкірттері майданға аттанды. Солардың ішінде мектеп директоры Николай Авдин, ұстаздар Борис Бараев, Михаил Пиунов, шәкірттер Павел Гладков, Павел Рыжов, Борис Шамсутдинов, Владимир Бабичев, Юрий Фирсов және басқалары ерлікпен қаза тапты. Еріктілердің арасында Галина Шатрова, Татьяна Фирсова, Вера Спиридонова, Рита Корина, Ираида Романова сияқты қыздар да болды.
Батырлығы үшін аға лейтенанттар Алексей Лабзин, Валентин Фролов, Евгений Горбунов, лейтенант Алексей Подобин, старшиналар Борис Марусин, Владимир Чертилин, Валентин Лебедев сынды мектептен аттанғандар орден-медальдармен марапатталды.
Жауынгерлер майданда дұшпанмен шайқасып жатса, елде еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін Жеңіс үшін өз үлестерін қосты. Бұдан № 6 орта мектеп те тыс қалған жоқ.
— Мектеп оқушысы Юлия Зверева институтқа түсу үшін жинаған 800 сомын «Катюша» қорына беріп, құрбылары мен ұстаздарды қолдауға шақырған. Бір айдың ішінде 25 мың сом жиналып, 1943 жылдың қаңтарында қару-жарақ жасау үшін жіберілген. Осыған орай мектепке жеделхат та келген, — дейді А.Қалымбет.

Сталин қол қойған жеделхатта «Катюша» жасау үшін 25 мың сом жинаған Орал мектебінің оқушыларына алғыс айтылған.
Қызыл армия бас штабынан келген мәлімет бойынша оқушылар қаржысына танк пен «Катюша» құрастырылып, әскери бөлімге берілген. Осыған жігерленген жас жеткіншектер «Қазақстан комсомолы» ұшағын жасау үшін 15 650 сом көлемінде өз үлесін қосқан.
Қызыл армияны қаруландыру үшін мектеп барлығы 75 560 сом жинап, соған орай 4 үкіметтік марапат алған.
Сонымен қатар мектеп ұжымы еңбек майданында да көзге түскен. Ұйымдасқан түрде төрт рет ұжымшар егістіктеріне барып, өнім жинауға қатысқан. Мұғалімдер мен оқушылар ұжымшарларда 12 мыңнан астам еңбеккүн атқарып, өз нормаларын асыра орындаған.
Мектеп деректері бойынша соғыс жылдары отынмен қамту да қиынға түсті. Төрт жыл ішінде мектеп 1 500-дей текше метр ағаш, 42 тонна тақтатас дайындаған.
Отынға қоса өзен порты мен Орал темір жол станциясы арқылы 100 тонна астық, үш вагон темір сынықтарын және басқа керек-жарақты тиеп жіберген. Сол секілді 1,5 гектар бау-бақша учаскесінен өндірілген өнімдер майдангерлер мен көшіп келгендердің мұқтаж балаларына жөнелтілді.

Станоктардан майданға кеткен жұмысшылар орнын басу үшін 1942 жылдың наурызынан қарашасына дейін № 6 мектептен қолөнер училищесі мен фабрика-зауыттық оқыту (ФЗО) мектептеріне 145 жас жіберілді.
— Соғыс жылдары біздің мектеп жанындағы Карев үйі мен № 3 емхана ғимаратында да госпиталь орналасқан. Бәрі бір-бірімен байланысты болса керек. Осындай бай тарихы бар мектебімізде қазіргі таңда 117 мұғалім 1 380 шәкіртке ұстаздық етеді. Өткенімізді ұмытпай, тәуелсіз еліміздің іргесі берік, мәртебесі биік болуына өз үлесімізді қоса бермекшіміз, — деп түйіндеді сөзін Асылбек Қалымбет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралдағы Карев үйінде де госпиталь орналасқанын жазған болатынбыз.
Батыс Қазақстаннан 1 200 қыз-келіншек майданға аттанған.
Сондай-ақ БҚО тұрғыны әкесінің ағасы жерленген жерге барып, тағзым еткісі келетінін жеткізді.
