Соғыстағы үлкен ерлік -халықтың бірлігі, отансүйгіштігі -Сапарбаев

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Мың тағзым Сізге - ардагерлер» атты театрландырылған көпшілік шара өтті. Облыс әкімі ақтөбеліктерді Жеңіс күнімен құттықтап, әскери шеруге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғыстағы үлкен ерлік -халықтың бірлігі, отансүйгіштігі -Сапарбаев

Ақтөбе облысының әкімдігі жанына Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институты, М.Бөкенбаев атындағы заң институтының курсанттары, офицерлер және өңірдегі әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен әскери шеру өтті. Шеруге соғыс ардагерлері мен қарапайым қала тұрғындары да қатысты.

«Дүниедегі ең қасиетті, қадірлі, есте қалатын күн -Жеңіс күні. Бұл күнді біз ешуақытта естен шығармай, жеңіс алып берген ардагерлерімізді ұмытпауымыз керек. 4 жылға созылған соғыс миллиондаған Кеңес жауынгерінің өмірін қиды. Біз сол адамдардың алдында әр уақытта борыштармыз. Осы соғысқа 120 мыңға жуық ақтөбелік қатысты. Өкінішке қарай, олардың жартысынан көбі елге орала алмады. Соғыста біздің аталарымыз, апаларымыз өздерінің ерліктерін көрсетті. Соғыстағы үлкен ерлік -халықтың бірлігі, отансүйгіштігі. Тек майдан даласында емес, тылда да күн, түн демей тер төгіп, еңбек етті. Олар қару-жарақпен, тамақпен қамтамасыз етті»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кейін ақтөбеліктер аталары мен аналарының портретін ұстап, Әбілқайыр хан даңғылы бойымен жүріп өтті.

«Атамыз Мұхамбетқазы Досполовтың суретін алып шықтық. Соғыс басталған жылы майданға аттанып, жоғалып кетті. Ал нағашы атамыз Ескендір Төлегенов соғысқа барып, 1946 жылы елге оралды. Ол ерлігі үшін медалімен үш рет марапатталып, «Қызыл жұлдыз» орденін тақты. Таяуда интернеттен оның ергілі туралы оқып, таныстық. Біз ата-бабамызға алғыс айтып, Жеңіс күнінде еске аламыз. Қолымыздан келетіні осы ғана. Бейбіт заман үшін алғыс айтамыз»,- деді қала тұрғыны Венера Сүлейменова.

Ал ақтөбелік Сабина Нұрғалиева 16 жасында майданға аттанып, аман-есен келген атасының портретін алып шықты.

«Атам Сабыржан Мұхамбетжанов ІІ Украина майданында танкист болды. Ол 16 жасында майданға аттанып, Кенигсберг, Будапешт, Румыния, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыстан соң Қарағанды облысында есепші болып еңбек етті»,-деді Сабина Нұрғалиева.

Бүгін кешкілік «Ұлы Отан соғысы әуендері» атты мерекелік шара өтеді, орталық саябақта отшашу болады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында барлығы 61 соғыс ардагері бар. Оның 53-і Ақтөбе қаласында тұрады. Сонымен қатар, Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарында соғыс ардагері бар. Ардагерлердің ең үлкені Петр Ходус биыл 100 жасқа толады.