Соққыға шыдамады: Жамбыл облысында жасөспірім мерт болды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жарақат алған оқушыны үйіне жеткізгенімен, жедел жәрдем келгенше ол көз жұмды, деп жазды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Оқиға Шу ауданының Көккайнар ауылында болған. Футбол матчынан кейін жеңілгенін мойындамаған үш жоғары сынып оқушысы дүкен артында кіші сынып оқушыларын жинап, оларды аяусыз соққыға жыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2007 жылы туған жасөспірім 2010 жылы туған баланың кеуде тұсына соққы жасаған. Жәбірленуші есінен танып қалған. Оқиға туралы оның анасына дүкен сатушысы хабар берген. Үйіне жеткізілген бала өзін нашар сезініп, құсып, демала алмайтынын айтқан. Өкінішке қарай, дәрігерлер көмек көрсетуге үлгермеген. Бала көз жұмды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 16 және 17 жастағы екі күдікті ұсталды.
— Қазіргі уақытта бұл іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді полиция департаменті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында балаларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша тергеу аяқталған болатын.
Сондай-ақ, Тараздағы мектеп-интернатта қыз балаға жасалған қорлық туралы да хабарланған еді.