Соломон аралдарында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Соломон аралдарының Киракира қаласының оңтүстік-шығысында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
АҚШ Геологиялық зерттеу орталығы (USGS) хабарлағандай, жер сілкінісінің эпицентрі Киракирадан 181 километрге оңтүстік-шығыста орналасқан.
Шамамен 10 километр тереңдікте болған 6,7 магнитудалы жер сілкінісінен ешқандай адам құрбаны немесе материалдық шығын тіркелген жоқ.
Жер сілкінісінен кейін цунами туралы ескерту жарияланған жоқ.
Тынық мұхитының «Оттық сақинасы» деп аталатын сейсмикалық жарық аймағында орналасқан елдер, оның ішінде Жаңа Зеландия мен Соломон аралдары, жиі жер сілкіністері мен жанартаулардың атқылауына ұшырайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Индонезияда жер сілкінісі салдарынан алып шұңқыр пайда болғанын жазған едік.