Солтүстік Аралда қанша су бар

САМАРҚАНД. KAZINFORM — Кейінгі 2 жылда Солтүстік Аралға 4,5 млрд текше метр су келді. Бұл туралы Самарқандтағы Климат форумына қатысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

су қойма
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

— Орталық Азияның 5 мемлекетіне ортақ үлкен тәжірибе бар — ол Аралды құтқару халықаралық қоры. Осы бірлестіктің аясында екі тұрақты комиссия жұмыс істейді: бірі — экология, екіншісі су саласында. Осы жұмыстың арқасында біз Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Бүгінде онда 23 млрд текше метр су бар. Көкарал дамбасы салынған соң кейінгі екі жылда оған 4,5 млрд текше метр су келді. Бірлескен жұмыстың арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік, — деп мәлім етті министр Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Нұржан Нұржігітов Үлкен Арал табанын жасыл желекке айналдыру жұмысы да қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда 2 млн гектардан астам аймаққа сексеуіл отырғызылып жатыр.

Нұржігітов Самарқандтағы форумда
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қоса кетейік, бұған дейін ведомство басшысы Орталық Азия елдерінің Халықаралық су-энергетика консорциумын құрумен айналысатын қазақстандық жұмыс тобын құрғанын мәлімдеген еді.

Еске салайық, осы күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында Климат форумы өтіп жатыр. Іс-шараның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Онда Президент Орталық Азия өңіріндегі жаһандық жылыну әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатқанына тоқталды.

Сонымен қатар аталған форумға қатысқан ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев климаттың өзгеруі мәселесі аймақтық ауқымда тиімді шешілуі керек екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар