Солтүстік Аралды сақтауға бағытталған 131 жоба мақұлданды — Су министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан және Қызылорда облыстарында «Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасын іске асырылады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов баяндады.

Солтүстік Арал толығып келеді: су көлемі 23,5 текше шақырымға жетті
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Вице-министрдің айтуынша, бірінші кезең аясында 131 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Жоба Үкіметтің Үйлестіру кеңесінің отырысында мақұлданды және 2027-2030 жылдары іске асырылады.

— Жобаның мақсаты — Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су ресурстарының көлемін ұлғайту және тұрақтандыру арқылы Арал маңы өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту, — деді Ж. Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жоба аясында Көкарал бөгетін реконструкциялау, 2,2 мың км каналды қалпына келтіру және 1,4 мың км суару жүйесін автоматтандыру көзделген.

Айта кетейік, Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайып, тұздылығы екі есеге кеміді.

Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.

Сонымен бірге, 142 ауылдың су инфрақұрылымы жаңарады.