СҚО-да заңсыз қарыз беру арқылы 1,8 млрд теңге табыс тапқан күдікті қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті.
2013 жылдан 2025 жылға дейін күдікті тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген. Мәмілелерге заңды сипат беру үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетілген. Себебі құжатта алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған. Қарыздар бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5–10%-ын құраған, бұл жылдық есеппен 60–120%-ға тең. Сондай-ақ қарызды жасыру және оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген. Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асты.
— Күдіктінің әрекеттерінен азаматтар зардап шеккен. Жедел қаржылай көмекке үміт артқан олар жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен мүлкінен айырылу қаупіне тап болған. Күдікті қарыз алушыларды ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, күдікті сот процестерін бастамашылық етіп, 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттар негізінде екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны туралы мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмаған. Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды.
Тыйым салынған мүліктің қатарында 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ «LAND ROVER RANGE ROVER» және «HYUNDAI STARIA» автокөліктері бар. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Бұған дейін БҚО-да жол жөндеуге бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталғанын жаздық.