Солтүстік Қазақстан тұрғындары Президентке жолдаған хатында не жазды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығынан хат келіп түсті.
Хатта солтүстікқазақстандықтар облыстағы тауарлы сүт фермаларын салу тәжірибесін Мемлекет басшысының жоғары бағалағанына тоқталып, мұны ауыл еңбеккерлерінің маңдай теріне, іскерлігіне және туған жерге деген адалдығына берілген баға деп біледі.
Сондай-ақ Жолдаудағы Көкшетау — Петропавл автожолын кеңейту жөніндегі шешімді де қуана қабыл алған. Тұрғындар бұл бастама адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға, Ресейдің бірқатар облыстарымен шектесетін өңір үшін транзиттік әлеуетті арттыруға септігін тигізеді деп есептейді.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан жұртшылығы «Халықтық құрылыс» бағдарламасына үлкен үміт артады. Азаматтар аталған жоба әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі ілгерілетуге, құрылыс саласын қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретініне сенімді.
— Біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтамыз және Солтүстік Қазақстан облысының ортақ іске қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз. Сіз айқындаған міндеттерді қолдай отырып, туған өлкеміздің игілігі үшін еңбек етуге, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа және еңбекқорлыққа тәрбиелеуге әрдайым дайынбыз, — делінген хатта.
Өңір халқының атынан хатқа Құдайберген Қалиев, Анатолий Башмаков, Геннадий Зенченко, Мұрат Қаражұманов, Ескендір Елеусізов, Владимир Бубенко, Серік Малаев, Ерік Сұлтанов, Серік Біләлов, Раиса Полищук сияқты елімізге және өңірге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері қол қойған.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 5,9 млрд теңгеге жаңа жедел жәрдем стансасы бой көтеретінін хабарлағанбыз.
Сондай-ақ Астана – Петропавл тасжолында 64 шақырымға жаңа асфальт төселгенін жазған едік.