Солтүстік Корея Жапониядан 1945 жылы қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрауын талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Жапония астанасына жасаған әуе шабуылынан 10 мыңға жуық корей қаза тапқан, деп жазады Анадолы.

Солтүстік Корея 1945 жылы 10 наурызда АҚШ-тың Токионы бомбалауы кезінде мыңдаған корейлердің өліміне қатысты кешірім сұрауды, өтемақы төлеуді және тергеуді талап етті.
– 1945 жылғы «Токиодағы жарылыс» туралы мәлімдемені Корей түбегіндегі жапон отаршылдығы кезінде жұмыс істеуге мәжбүр болған корей жұмысшылары мен олардың отбасылары құрған Солтүстік Корея қауымдастығы жасады, деп хабарлайды Солтүстік Кореяның Орталық ақпарат агенттігі (KCNA).
Мәтінде 1945 жылы 10 наурызда Америка Құрама Штаттарының Токиоға жаппай әуе соққысы жасалғаны, оның барысында 275 В-29 бомбалаушы ұшақтары қалаға бомба тастағаны атап өтілген.
– Шабуыл кезінде жапон билігі корейлерді лагерьлерде ұстаған, онда олар қатыгездікпен қорланған, қауіпті және қиын жағдайларда мәжбүрлі еңбекке жегілді. Осының салдарынан көптеген корейлер қашып құтыла алмай, әуе шабуылы кезінде қаза тапты, – делінген хабарламада.
Әуе шабуылынан қаза тапқан 100 000 адамның 10 пайызға жуығы корейлер екені хабарланды.
Қайтыс болғандардың жеке басы анықталмай, мәйіттер тиісті тергеу жүргізілмей, әр жерде жерленген. Сонымен қатар, қаза тапқан кәрістердің қалдықтары кейінірек «эксперименттерде» қолданылғаны да айтылды.
Осыған байланысты Солтүстік Корея Жапониядан қайтыс болған кәрістердің туыстарынан ресми кешірім сұрап, оларға өтемақы төлеуді талап етті.
Сондай-ақ корей тарапы зардап шеккендердің сүйегін анықтау үшін толық тергеу жүргізіп, нәтижесін жария етуді талап етті.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Корея Сары теңізге қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырғанын жаздық.