«Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізіндегі жүк тасымалы көлемі 20 млн тоннаға жеткізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан «Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізіндегі жүк тасымалы көлемін арттыру үшін бірқатар жобаларды қолға алды. Бұл туралы Көлік саясаты департаментінің директоры Дінмұхамед Сембаев айтты. 

теміржол, жүк тасымалы
Фото: Александр Павский/Kazinform

— «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізі — Ресей Федерациясын Иран, Үндістан және Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын болашағы зор бағыт. Оның Шығыс тармағымен жылына 10 млн тонна жүк тасымалданады, оның ішінде 6 миллион тоннасы — Болашақ станциясы арқылы, ал 4 миллион тоннасы — Каспий маңындағы порттар арқылы өтеді, — деді ол Қазақстанның экспорттаушылар форумында.

Сондай-ақ спикер Қазақстан аумағы арқылы тасымал көлемін арттырту мақсатында транзиттік жүктерге 50% жеңілдік барын атап өтті.

— Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Иран аумақтары арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінің «Солтүстік — Оңтүстік» шығыс бағытының әлеуетін үйлесімді дамыту жөніндегі 2024–2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстанның теміржол әкімшіліктері бірлесіп, «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағыты бойынша «Бірыңғай логистикалық оператор» жобасын іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстанның батыс өңірлеріндегі шекара маңындағы станцияларды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, оларды аяқтау келесі жылға жоспарланған, — деді Дінмұхамед Сембаев.

Оның сөзінше, жалпы алғанда осы жұмыстардың нәтижесінде дәліздің өткізу қабілеті жылына 20 миллион тоннаға жетеді.

Айта кетсек, Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға соңғы 15 жылда 35 млрд доллар инвестициялады.

Ал 2027 жылы Транскаспий көлік бағытының жүк өткізу көлемі 10 млн тоннаға жетеді

Соңғы жаңалықтар