Солтүстіктегі диқандар егіндерін кептіре алмай дабыл қағып отыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстіктегі диқандар орып алған егіндерін кептіре алмай отыр. Себебі оны қабылдайтын элеваторларда орын жоқ. Шаруалар сары алтынды дер кезінде кептірмесе, көгеріп бүлініп кетуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы Jibek Joly арнасының жаңалықтарында айтылды.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында егін бітік шықты. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары 6 миллион тоннадан астам бидай жинады. Мәселе қашан реттеледі?
Астық элеваторларында орын жоқ
Солтүстікқазақстандық диқандар үшін күзгі науқан оңайға соқпады. Жаз бойы толассыз жауған жауын, ризығын жерден теретін шаруаларды әбігерге салды. Осыған қарамастан өңір шаруалары мол өнім жинады. Ендігі мәселе оны кептіру қажет. Ал шаруалар болса элеватор таппай дал.
– Жауын көп болды. Бидай бітік шықты, бірақ оның ылғалдылығы жоғары. Ал элеваторларда орын жоқ. Қазір кей шаруалар жинаған өнімдерін шағын астық қабылдау орындарына апарып жатыр. Ал оны кептірмесе, ертең бүлінеді. Мәселе шешілмесе ертең жаппай шығынға батуымыз мүмкін, - дейді шаруа Раиль Мендеев.
Облыста жалпы сыйымдылығы 3,2 миллион тонна болатын 46 элеватор жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек шағын астық қабылдау орындары тағы бар. Алайда диқандар жинаған өнімдерін элеваторларға өткізе алмай жүр. Себебі кәсіпорындардың дені толған.
– Элеватор қазір бидайға толып тұр. Сол себепті оны қабылдауға мүмкіндік жоқ бізде. Бидайдың сапасы 4-ші және 5-ші класс. Үшінші класс өте аз. Ұзын-сонар кезекке бола қиыншылықтар туындап отыр. Элеватор өте баяу жұмыс істеп жатыр. Өйткені жаңағы ылғалды бидай көп кіріп жатыр. Соған байланысты жұмыс істеу уақыты жалпы ұзартылып жатыр ғой элеватордың, - дейді Элеватор бастығы Нұржан Дәуітов.
Ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар аталған мәселеден хабардар. Және ол жақын күндері тұрақталады деп отыр.
– Қазір фермерлердің көбі элеваторларға жаппай астық әкеліп жатыр. Ал дақылдарды толық тексеріп алу үшін уақыт қажет. Сондықтан бірер күнде жағдай дұрысталады. Жалпы орақ науқанын сапалы аяқтау үшін арнайы штаб құрылған. Бүгінге күнге дейін өңірдегі элеваторлар жаңа астықтың 1,5 миллион тоннасын қабылдап үлгерді, - деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов.
Шаруалардың төккен терімен еселі еңбегі зая кетпейді. Сала мамандары оған жол бермейміз деп сендірді.