Соңғы 10 жылда балалар үйлеріндегі бала саны екі есеге қысқарды — Оқу-ағарту министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы үлгісінде тәрбиелеу тәжірибесі кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде соңғы 10 жыл ішінде балалар үйлерінде тәрбиеленетін бала саны екі есеге азайған. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

— Жүргізілген шаралардың нәтижесінде балалар үйлерінде тәрбиеленетін балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге қысқарды. Қазақстан азаматтары жыл сайын 1000-нан астам жетім баланы өз отбасына қабылдайды, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, балалар интернат мекемелерін институционалсыздандыру саясаты жалғасып жатыр. Бұл бағытта балалар үйлеріне балама ретінде кәсіби отбасы институты енгізілген.
— Кәсіби отбасы моделі жетім балаларды жанұялық ортада тәрбиелеуге бағытталған. Былтыр бұл жүйе алғаш рет енгізіліп, тиімді нәтижелер көрсетті, — деді Еділ Оспан.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде балалар үйі түлектерін әлеуметтік қолдауға арналған «Мейірім» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында балаларға моральдық және материалдық қолдау көрсетіледі.
— Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да жаңа тетіктер енгізіліп жатыр. Бұл — олардың қоғамға бейімделуі мен толыққанды өмір сүруіне бағытталған маңызды қадам, — деп толықтырды вице-министр.
Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі жетім балаларды қолдаудың заманауи әрі тиімді үлгілерін енгізу арқылы интернат мекемелерін қысқарту, балаларды отбасына орналастыру және қоғамдық қолдауды арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.