Соңғы бір жылда алматылықтардың жер сілкінісіне дайындығы қалай өзгерді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Осыдан бір жыл бұрын құрылған Алматы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменов Kazinform тілшісіне қаладағы сейсмикалық қауіпсіздік шаралары жайлы әңгімелеп берді. 

а
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасын құрудың мақсаты қандай болды? Басқарма бүгінгі күні қандай міндет пен қызметтерді атқарады?

— 2024 жылдың 23 қаңтарында болған жер сілкінісін бүкіл алматылықтар сезінген жер сілкінісі болды. Ал 25 қаңтар күні Мемлекет басшысының төрағалымен Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік сұрақтарына байланысты жиын өтті. Сонда орталық атқару органдарына және қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді. Оның бірі — қаладағы сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту. Осы мақсатта 2024 жылдың 8 сәуір күні сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылды. Мұндай басқарма еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Жалпы басқарманың негізгі қызметі — тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, яғни біз халықты табиғи апаттар кезінде өзін-өзі ұстаудың қарапайым қадамдарына үйретеміз.

Тағы бір функциямыз — азаматтық қорғау ұйымдарының іс-қимылдарын үйлестіру. Біз Алматы қаласының ТЖД-сымен, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығымен, География және су қауіпсіздігі институтымен, «Қазселденқорғау» мекемесімен және басқа әкімдіктің қызметтерімен тығыз жұмыс істейміз. Төтенше жағдайдағы қауіпті ескерту де біздің міндетімізде, оған табиғи апаттардан бастап жер дүмпуі мен өрт шығуы секілді техногендік сипаттағы қауіптің барлық түрі кіреді. Жалпы бізде 3 бөлім бар, басқарма штатында өзімді қосқанда 10 адам жұмыс істейді. Одан бөлек басқарма екі ведомстволық бағынысты ұйымның құрылтайшысы, олар - Алматы қаласының құтқару қызметі және аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету қызметі.

басқарма
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Арнайы басқарма құрылғаннан кейін ТЖД-ның кей құзыреті мен міндеттері сіздерге бөлініп берілді ме?

— Төтенше жағдайлар департаментінің ешқандай міндеті не құзыреті бөлінген жоқ. Бірақ Азаматтық қорғау туралы заң негізінде жергілікті атқарушы органдар орындауы тиіс қызметтер бар. Мұндай қызметтерді орындау үшін біздің басқарма құрылды. Біз қалалық ТЖД-мен өте тығыз жұмыс істейміз, кей жерде оларды толықтырамыз. 2022 жылдан бастап азаматтық қауіпсіздік қамтамасыз етуге байланысты көптеген жобалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Міндеттеріміздің бірі — осындай бюджеттік жобаларды әкімшілік басқару, яғни біздің басқарма арқылы қандай да бір жабдықтар, ақпараттық жүйелер алынады. Кейін ол Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына не төтенше жағдайлар департаментіне беріледі.

— Басқарма тарапынан бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарылды? Қандай нәтиже бар?

— Алғашқы жобаларымыздың бірі — Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығымен бірге зерттеу жүргізу болды. Ол жұмыс 3 жылға жоспарланған, 2024 жылы басталды және 2026 жылы аяқталады. Зерттеу нысаны — Алматы агломерациясы аумағының сейсмогеодинамикалық жай-күйі. Оның шеңберінде сейсмикалық, геофизикалық және гидрогеохимиялық параметрлерге мониторинг жасалады. Бұл жұмыстың нәтижесін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына береміз. Олар өз кезегінде бұл ақпаратты қала құрылысына қатысты құжаттаманың іргетасы ретінде пайдаланады. Бұл ғылыми жұмыс және меніңше, біздің салада ғылымды дамыту қажет.

Екінші, 2024 жылы лай көшкіні салдарынан қайғылы жағдай болды. Сондықтан былтыр өзге мемлекеттік мекемелермен бірге тау бөктеріндегі бүкіл аумақты зерттеп, көшкін қаупі бар 182 учаскені анықтадық. Бұл аумақтарды: қаупі жоғары, орта қауіпті және қаупі төмен санаттарына бөлдік. Қаупі жоғары деп бағаланған 14 аумақ бойынша жұмысты былтыр бастадық, биыл маусым айына дейін толық аяқталады. Бірақ қазіргі уақытта лай көшкіні қаупі жойылды деп айта аламын. Сондай-ақ өткен жылы біз География және су қауіпсіздігі институтымен бірге лай көшкінін бағалау бағыттында зерттеу жұмысын бастадық. Оның нәтижесі негізінде тәуекел картасы жасалады және қала құрылысын жоспарлау кезінде қолданылады. Яғни, оның негізінде біз «мына аймақта сел не көшкін қаупі бар, сондықтан тұрғын үй объектілерін салуға болмайды» деп айтып отырамыз.

о
Фото: Александр Павский / Kazinform

Одан бөлек қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы сейсмикалық төзімділік тұрғысынан нысандарды паспорттау жұмысын жүргізді. Бірінші сатысы 2017-2018 жылдары, екіншісі 2023-2024 жылдары болды. Менің білуімше, бұл жұмыс аяқталды, енді қорытынды есеп жасалып жатыр. Ол біздің басқармаға және басқа да құрылымдық бөлімдерге беріледі. Ондағы ақпараттың негізінде біздің басқарма сейсмикалық төзімді емес деп анықталған ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық бағдарламаны әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл бастаманы біз халықаралық тәжірибеден алып отырмыз.

— Сейсмикалық қауіпсіздікке байланысты маңызды шешімдер қалай қабылданады? Сарапшылар кеңесіне жүгінесіздер ме?

— 2024 жылы басқарма базасында ғылым және технологиялар бойынша кеңес құрылды. Оның құрамына тәжірибелі сейсмологтар, құрылыс саласының сарапшылары, басқа да мамандар кірді. Біз жауап беруге қиналатын барлық сұрақтарды осы ғылыми кеңестің талқылауына шығарып, сол жерде ортақ шешімге келеміз. Бүгінге дейін 6 отырыс өтті. Мысалы, соңғы рет жер сілкінісі туралы халықты автоматты түрде ескерту жүйесін қосу үшін ең төменгі қауіп деңгейі қандай болуы керек екенін талқыладық. Бастапқыда 5,5 магнитудасы бойынша ескерту жасау керек деп айтылған. Бірақ магнитуда эпицентрде өлшенеді, ал эпицентр Қытайда, Қырғызстанда не Алматы облысында болуы мүмкін. Сондықтан біздің басқарма 5,5 магнитудасынан кейін хабарлау қаншалықты дұрыс екенін талқыға шығарды. Ұзақ пікірталастан кейін сейсмология институымен (қазір — Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы) бірге арақашықтықты анықтауымыз керек деген шешім қабылданды. Яғни, жер сілкінісінің эпицентрі қаладан 100 шақырым жерде болса, онда ескерту жүйесі үшін ең төменгі магнитуда — 1 болады, егер жер дүмпуі 200 шақырымнан алыста болса, шегі басқаша болады. Өйткені арақашықтық алыс болған сайын сейсмикалық қауіп төмен болады. Жақын арада сейсмология институы ғылыми негізде өз қорытындысын ұсынады. Содан дейін автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі мен MasАlert жедел ескерту жүйесі түзеледі.

д
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Өткен жылдың 23 қаңтары мен 4 наурызында болған жер дүмпулерінен қандай қорытынды шығардық? Алматылықтар одан бері не үйренді деп ойлайсыз?

— Ең алдымен, мемлекеттік қызметкер ретінде емес, қарапайым Алматы тұрғыны ретінде айтқым келетіні — біз қаламыздың сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ұмытып кеттік. Жер сілкінісі Алматы мен Алматы облысы үшін қалыпты жағдай. Сондықтан 2024 жылы болған екі жер дүмпуінен кейін бәріміз қорқып қалдық, не істеу керек екенін білмедік. Шын мәнінде, қуанышымызға орай бұл жер сілкіністерінен ауыр залал болмады. Енді одан алынған қорытындыға келсек, біздің басқарма құрылды, MasАlert жүйесі әзірленді. Одан бөлек автоматтандырылған ерте ескерту жүйесін дамыту жөнінде шешім қабылданды. 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы 28 сейсмикалық станциядан бөлек қосымша 30 станция, ал 2026 жылдың соңына дейін қосымша 40 станция орнатылады. Осылайша бүкіл қаланы қамти аламыз.

Одан бөлек былтыр бірнеше рет жалпықалалық сейсможаттығу өткізілді. ТЖД қызметкерлері мектептерде, саябақтарда, адам көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмысын жүргізді. Бүгінгі күні бірінші кезекте балаларға үйреткіміз келеді. Ол үшін мектеп бағдарламасы әзірленді. Пилоттық жобаны іске қосамыз, оқу орындарында апта сайын сыныптан тыс сағаттар өтеді. Былтыр жазда 1,5 мың балабақша мен мектеп қызметкерін оқыттық, бұл сабақты солар өткізеді. Сондай-ақ биыл тоқсан сайын сейсможаттығу болады. Осы орайда қала тұрғындарын осындай жаттығуларға барынша қатысуға шақырамын. Біз сондай дағды қалыптастыруымыз қажет. Мысалы, үйде балаларыммен бірге ойын ретінде дайындық жасаймын. Үйден тез шығу жолдарын қарастырамыз не үйдегі ең қауіпсіз аумақтарды анықтаймыз. Балаларыма жер сілкінісі кезінде қайда бару керек екенін түсіндіремін.

д
Фото: Александр Павский / Kazinform

— MasАlert жүйесі қаншалықты тиімді? Неліктен ескерту кей телефондарға келмей қалды?

— MasАlert жүйесі Cell Broadcast технологиясымен жұмыс істейді. Яғни бұл Android және IOS бағдарламалық жасақтамасына кіріктірілген қызмет. Жүйе базалық станциялар арқылы Apple мен Android смартфондарымен байланысып, жедел ескерту жібереді. Бұл байланысқа қарай әртүрлі уақытта келетін SMS емес. Push-ескерту базалық станцияларға байланысқан барлық телефонға бір уақытта келеді. Неліктен кей адамдарға ескерту келмеді? Біз жүйені алғаш қолданғаннан кейін сараптама жасадық. Бірінші себебі — смартфондағы бағдарламалық жасақтаманың жаңартылмауы. Былтыр 19 қыркүйек күні Apple IOS-ты жаңарту мүмкіндігін қосты, содан кейін біздің MasАlert жүйесі оларға қосылды. Ал Android телефондарында жүйе мамыр айында іске қосылды. 17 қазан күні біз сейсможаттығу жасадық, сол кезде телефон бағдарламасына жаңартпағандарды қоспағанда барлығына ескерту келді. Жүйенің өзі толық автоматтандырылған. Жер сілкінісі кезінде бірінші толқын келеді де, белгілі бір уақыттан кейін екінші толқыны келеді. Осы екіншісі қуаттырақ болады. Біздің сейсмикалық датчиктер бірінші толқынды ұстайды да, 3-5 секунд ішінде консольға сигнал жібереді. Әрі қарай Алматыға 5 баллдан жоғары қауіп келе жатса, жүйе жедел Push-ескертулерді жібереді.

— Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда бір ғана шатырлы қалашық болады. Бұл ірі мегаполис үшін аз емес пе?

— Мен де Алматыда тек қана бір шатыр қалашығы бар деген жаңалықты оқыдым. Бірақ бұл дұрыс ақпарат емес. Бізде мемлекеттік органдардың төтенше жағдайы кезіндегі іс-қимылына қатысты арнайы жоспар әзірленген. Алматы қаласының аумағы 21 секторға бөлінген. Бұл секторларда жалпы есепте адамдар жинала алатын ашық аспан астындағы 65 учаске бар. Оған қоса, зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 пункт бар. Бұл сейсмикалық жағынан нығайтылған әкімшілік нысандар. Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда үйсіз қалған адамдар, медициналық көмекті қажет ететін тұрғындар осы пунктерге бара алады. Оларды 2ГИС, Яндекс картадан табуға болады. Егер адамға шұғыл ота жасау керек болса не эвакуация қажет болса, онда пунктіден тұрғынды осы шатыр қалашығына дейін жеткізеді де, ол жақтан басқа өңірге әкетеді. Сондай-ақ бұл шатыр қалашығы өзге өңірлерден келген көмекті қабылдайтын орынға айналады. Басқа жерден күштер алдымен осында барып, содан кейін аумақтарға бөлінеді. Сондықтан адамдар бірінші кезекте зардап шеккен халықты қабылдайтын пунктерге баруы керек.

д
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Бұған дейін Алматы әкімшілігі сейсмикалық қауіпсіздік бағытында Қытай, Жапония тәжірибесін қолданатынын хабарлады. Нақты шетелдік тәжірибе қандай жұмыста қолданылмақ? Шетелдік әріптестеріңізбен қаншалықты байланыстасыздар?

— Урбанистика басқармасында жұмыс істеп жүргенімде, 2023 жылы біз Жапонияға бардық. Онда жапондық метеорологиялық агенттіктің тәжірибесімен таныстық. Олар халықты даярлау орталықтарын көрсетіп, құрылыс нормаларын түсіндірді. Өткен жылы қала әкімдігі мен сейсмология институының делегациясы АҚШ-қа барды. Біздің сейсмология институы секілді жергілікті орталықты көрдік. Бұл сапардың нәтижесінде біз 28 сейсмикалық датчик (станция) Алматы үшін жеткіліксіз екенін және олардың санын көбейту қажет екенін анықтадық. Өйткені АҚШ-тың Калифорния штатының өзінде мыңнан астам сейсмикалық датчик бар.

Ал биыл алматылық делегация қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен Бейжің қаласына барды. Онда ҚХР-дың жер сілкінісі бойынша агенттігімен жолықтық. Біз олармен сейсмикалық деректермен, тәжірибемен бөлісіп отыру туралы келісімге келдік. Енді сейсмология институтының мамандарын Қытайға тәжірибе алмасу үшін жібереміз. Ал осы жылдың маусым айында бізге Қытай делегациясы келеді. Олар мұнда көрме ұйымдастырып, құтқару қажеттіліктеріне арналған жабдықтарын, сейсмикалық датчиктерді көрсетеді, тәжірибесімен бөліседі.

Соңғы жаңалықтар