Соңғы кездері қыз алып қашуды дәріптеу әрекеттері жиілеп барады – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәжбүрлеп некеге тұрғызу әрекеті мен интернет алаяқтық үшін жазану күшейту нормаларына пікір айтты.

Айта кетейік, Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Құжатта некеге тұруға мәжбүрлегені үшін, сондай-ақ «дроперлік» (кибер-алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында алаяқтар үшін жалған төлем дроп-карталарын ұсыну) үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
- Біз жаңа ғана қоғам үшін өте маңызды заң жобасына дауыс бердік. Соның ішінде бір-екі маңызды мәселеге тоқталып өткім келеді. Бұл бірінші кезекте, біздің мәпелеп өсірген қыздарымыздың, аяулы қарындастарымыздың тағдырына, болашақ аналардың тағдырына байланысты. Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп барады. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Құқық қорғаушылар некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жететінін айтып отыр. Мысалы, соңғы бес жылда 256 жағдайдың тек 5-і ғана сотқа берілген. Көп жағдайда бұл жайт заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі. Ал енді, көршілес елдер Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түрікменстанның Қылмыстық кодекстерінде некелесу мақсатымен қыздарды алып қашқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты депутаттар ондай әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза көздейтін түзетулерге бастамашылық жасады, - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бұл шара осындай әрекеттерге толыққанды құқықтық баға беруге, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қылмыстық озбырлықтан қорғауға мүмкіндік береді.
- Екіншіден, қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған тағы бір өзекті мәселе – интернет алаяқтық. Соңғы уақытта қылмыстың бұл түрі тіпті, белең алып кетті деуге болады. Мыңдаған азамат соның зардабын шегіп, құрбанына айналып отыр. Осы алаяқтықтың тез таралып жатқан түрі – дропперлік. Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың өзінде ақшаны жылыстату үшін пайдаланылған 6200 дроп-карта анықталды. Олар бойынша жиынтық айналым 24 млрд теңгені құрады. Өздеріңіз білетіндей, қолданыстағы заңнамада дропперлерді қылмыстық қудалау мүмкіндігі қарастырылмаған. Нәтижесінде, құқық қорғау органдарының тергеу аясына түскен дропперлер көп жағдайда қылмыстық істер бойынша куәгер ретінде өтеді. Алаяқтық әрекетке араласу фактілерін немесе қылмыстық пиғылын дәлелдеуге болатын жағдайлар өте сирек. Сондықтан қылмыстың бұл түрімен күресті күшейту мақсатымен депутаттар осындай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікті бекітетін түзетулер әзірледі. Заң қабылданған соң мұндай қылмысты жасаған адамның 7 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, мүлкі тәркіленеді, - деді Мәжіліс төрағасы.
Еске салсақ, былтыр Мәжіліс депутаттары қыз алып қашу әрекетіне заңмен тосқауыл қоюды бірнеше жолын ұсынды.