Сот алды тыңдау: Ақтөбеде анасының кепілде отырғанын баласы хабарлады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде Э.Қазтуғанованың кепілде отырғанын баласы көріп, хабар берді. Ол сол күні кешкілік үйіне нағашыларымен еріп барды.

Ақтөбеде «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша басталған істің басты сот талқылауы 9 маусым күні сағат 10:00–де өтеді. Сот отырысына қатысып жатқан жәбірленушілер оқиға болған күні не көргенін айтып берді.
— Сол күні емханаға бардым. Түстен кейін сіңлім Зинаның жиені маған хабарласып, әжесінің қоңырауларына жауап бермегенін айтты. Түстен кейін өзім де хабарласып көрдім. Ол кезде күйеу баламыз Байғани ұстап, «Зина телефонын тастап кетті» деп айтты. Біздің сол уақыт шамасында кешкі шай ішетін әдетіміз бар еді. Байғани жазғы үйден қарап келетінін айтып, тұтқаны қойды. Бірақ содан соң өзі де байланыссыз қалды. Кешкі жиеніміз тағы да хабарласып, ата-әжесімен сөйлесе алмағанын, үйге баратынын айтты. Мен алаңдап, «маған келесің, тамақтанып, бірге барамыз» дедім. Маған келді, тамағын ішіп, сол үйге қарай шықтық. Үйге кірсек терезе ашық тұр. Телефон үстел үстінде жатыр. Жазғы үйге бардық, ол есікті ашты. Бір аяғымен кірді де жарықты жаққысы келді. Бір кезде «Сен кімсің?» деп айқайлап жіберді. Ішке кірмей, біз оны сүйреп шықтық, сөйтіп жан-жаққа хабарын бердік, — деді марқұм Зина Шаймағамбетованың апасы Дина Шаймағанбетова.
Оның айтуынша, бала ер адамның пышақ ұстап отырғанын көрген.
Марқұм Байғани Әлиев пен Зина Шаймағанбетова бірнеше жыл бірге тұрды. Б.Әлиев бұрын құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. 4 қыз өсірген.
— Біз өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалаймыз. Мұндай адамның өмір сүруге қақы жоқ. Біз танымайтын едік. Әкем ол адамды таныды. Иә, қызымыз жақсы жігітпен танысты деп айтып отыратын. Үйге келгенін де айтты. Әкем соңғы 7-8 жылда бірге тұрды. Әкем Қандыағашта полиция қызметкері болды. Биыл сәуір айында 75-ке толатын еді. Біз тойға дайындалып жүргенбіз. Екі рет обыр дертіне шалдығып, Түркияда емделіп, аман қалды. Осындай адам келіп, өмірін қиды. Зина апамыз да керемет жан. Анамыздың орнын баспағанмен өте жақсы болды. Ашық болды. Әкем бізге өте жақсы тәрбие берді, — деді марқұм Б.Әлиевтің қызы.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін айыптау актісі оқылды. Онда айыпталушының күні бұрын бәрін жоспарлағаны, алдымен З.Шаймағанбетованы 20 рет пышақтап, жертөлеге тастағаны туралы айтылған. Ал марқұм Б.Әлиевті ұрып, кейін балталап тастаған.
Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді. Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады.