Сот арқылы банкроттық рәсімдеген азаматтардың мүлкі қалай қорғалады
«Сот арқылы банкроттықты қаржылық басқарушылар рәсімдейді. Бұл корпоративтік банкроттықты рәсімдеу тәсіліне ұқсас. Қаржылық басқарушылар құрамына банкрот әкімшілері, кәсіби есепшілер, заңгер кеңесшілер, аудиторлар мен адвокаттар кіреді. Сот арқылы банкроттықты рәсімдеу кезінде қаржылық басқарушылар кредитордың талаптарынан тізім жасап, борышкердің иелігіндегі мүліктер туралы ақпарат жинайды. Осыдан кейін мүліктерді түгендеп, бағасын есептеп шығарады. Сол деректердің негізінде борышкердің қаржылық жағдайын есепке ала отырып қорытынды шығарады», - деді комитет өкілі.
Айтуынша, сот арқылы банкроттық рәсімдегендер де соттан тыс банкроттық рәсімдеген азаматтар сияқты шектеулерге жолығады.
«Оларға қарыз алу бойынша келісімдер жасауға, шетелге шығуға тыйым салынады. Ал кредиторларға борышкердің банк шоттарынан ақша өндіріп алуға, мүлікті өндіріп алуға жолдауға, айыппұл, өсімпұлдар есептеуге тыйым салынады. Борышкердің мүлкіне қатысты сот және өзге органдардың сот арқылы банкроттық рәсімдегенге дейін шығарған шешімдерінің бәрі тоқтатылады», - деді Қайрат Миятов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, заң жобасында жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеудің үш жолы ұсынылып отыр. Олар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұл жерде борыштың көлемі мен мерзімі негізге алынады.