Сот Қуандық Бишімбаевтың балаларына төлейтін алиментті азайтудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев балаларына төлейтін алименттің көлемін азайту туралы өтінішпен сотқа жүгінген. Сот бұрынғы министрдің талабын қанағаттандырудан бас тартты.

Сот Қуандық Бишімбаевтың балаларына төлейтін алиментті азайтудан бас тартты
Фото: Kazinform

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жары Назым Қахарманның балаларына алимент төлеу туралы нотариалдық келісімнің шарттарын өзгерту жөніндегі азаматтық істі қарады.

Сот таратқан мәліметке сүйенсек, 2020 жылы бұрынғы ерлі-зайыпты арасында нотариалдық келісім жасалып, оған сәйкес әкесі үш кәмелетке толмаған баланы асырау үшін ай сайын әр айдың 20-сына дейін 1,6 миллион теңге көлемінде алимент төлеуге міндеттелген.

Талапкер аталған келісімді өзгертіп, алимент мөлшерін азайтуды сұрады. Ол талабын жаза өтеп жатқанын және жұмыс істемейтіндігін айтты.

Сондай-ақ талапкер келісімнен келесі тармақтарды алып тастауды сұраған:

- балаларының кәмелетке толғаннан кейін де ақылы оқу орнында білім алуға кететін қосымша шығындарды өтеу;

- балалардың медициналық тексерілуі мен емделуіне байланысты шығындарды төлеу;

- жылына кемінде бір рет Қазақстанда және шетелде демалуына кететін шығындарды (тұру, тамақ, сақтандыру, көлік және басқа да ілеспе шығындар) өтеу.

Істі қарағаннан кейін сот алимент төлеу туралы нотариалдық келісімге өзгерістер енгізуге заңды негіз жоқ деген қорытындыға келді.

— Сот талапкердің 2024 жылдың тамызында өз мүлкін үшінші тұлғаларға сыйға беру шартымен беру арқылы әдейі өзінің материалдық жағдайын нашарлатқанын анықтады. Сонымен қатар оның ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғанын және келісімді толық көлемде орындау мүмкіндігі жоқтығын ескере отырып, талапкерде өзіне тиесілі мүлік есебінен міндетін орындауға нақты мүмкіндігі болған. Бұл жағдай сот тарапынан талапкердің адал емес әрекеті ретінде бағаланды. Балалардың құқығы мен заңды мүддесін ескере отырып, сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, - деп түсіндірді сотта.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, жыл басында 24 жылға сотталған экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев қамауда отырған мекеме өзіне ынталандыру шараларын қолданбағаны үшін сотқа шағымданған еді. 

Айта кетсек, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бостандықта жүргені жайлы қауесет тараған еді. 

Былтыр күзде экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың түрмеде жұмысқа тұрмағаны айтылды. 

Қуандық Бишімбаев азаматтық некеде болған әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. 

Соңғы жаңалықтар