Сот Meta мен YouTube-ты жасөспірімге өтемақы төлеуге міндеттеді

АСТАНА. KAZINFORM –  АҚШ соты Meta мен YouTube-ты әлеуметтік желілердің зияны үшін миллиондаған доллар төлеуге міндеттеді.

Сот Meta мен YouTube-ты жасөспірімге өтемақы төлеуге міндеттеді
Фото: BILD

Meta мен YouTube АҚШ-та сот шешімі бойынша 20 жастағы қызға шамамен 3 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Ол әлеуметтік желілер оның психикалық денсаулығына зиян келтірді деп сотқа жүгінген.

Талапкердің айтуынша, ол бала кезінен бастап платформаларды тұрақты қолданған, бұл депрессия мен суицидтік ойларға әкелген. Ол YouTube-ты 6 жасында көре бастағанын, ал 9 жасында әлеуметтік желілерде күні бойы уақыт өткізгенін айтқан.

Алқабилер компаниялар кәмелетке толмаған пайдаланушыларға қатысты салғырттық танытқан деген қорытындыға келген. Сонымен қатар, қосымша айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылып отыр, сондықтан төленетін жалпы сома кейін артуы ықтимал.

Meta мен YouTube өкілдері сот шешімімен келіспейтінін және оны апелляцияға беретінін мәлімдеді. Сот барысында Марк Цукерберг пен Адам Моссери жауап берген.

Талапкерлер платформалардың алгоритмдері жасөспірімдерде тәуелділік тудыру үшін әдейі жасалады деп мәлімдеген. Заңгерлер бұл шешім әлеуметтік желілерге қарсы жаңа сот істері үшін прецедент болуы мүмкін екенін айтады.

Айта кетелік TikTok пен YouTube жасөспірімдерге тәуелділік туғызу айыптарымен сотқа тартылатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар