Сот шешімі: Трамп AP журналисін Ақ үйге кіргізбеуге құқылы

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ-тың апелляциялық соты Дональд Трамптың Associated Press (AP) агенттігінің журналистерін Ақ үй мен президенттік ұшаққа уақытша кіргізбеуіне рұқсат берді, деп жазады DW.

Трамптың криптовалюталық кешкі асына бір орынға орташа есеппен 1 млн доллар жұмсалды
Фото: ТАСС

Бұл шешім 6 маусым күні кешке жарияланды.

Сот Ақ үй әкімшілігінің шағымын қанағаттандырып, төменгі инстанцияның бұйрығын уақытша тоқтатты. Трамп бұл шешімді Truth Social желісінде «AP-ке қарсы үлкен ЖЕҢІС» деп атады.

Даудың туындауына AP агенттігінің Мексика шығанағын Трамптың жарлығындағыдай «Америкалық шығанақ» деп атаудан бас тартуы себеп болған. Осыдан кейін Ақ үй агенттік тілшілерін Oval Office, Air Force One және Трамптың жеке резиденциясы — Мар-а-Лагоға кіргізбей қойған. AP сотқа жүгінді, бірақ әзірге жеңіліс тапты.

Сот Ақ үйдің баспасөз бостандығына зиян келтірмей, президенттің жұмыс кеңістігін басқару құқығын сақтауы маңызды екенін атап өтті. Дегенмен, агенттікке Ақ үйдің Шығыс залындағы ресми шараларға қатысуға рұқсат сақталады.

Трамп әкімшілігінің бұл шешімі Еуропа агенттіктері мен құқық қорғаушылар тарапынан қатты сынға ұшырады. Олар мұны баспасөз еркіндігіне жасалған қысым деп бағалауда.

Бұған дейін Трамп дыбыстан жылдам авиацияны дамыту туралы жарлыққа қол қойғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар