Сотталғандарды емдеумен енді Денсаулық сақтау министрлігі айналысады
«Тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі қамаудағы азаматтарды медициналық қамтамасыз ету функциялары мен өкілеттіктері Денсаулық сақтау министрлігіне толығымен берілді. Жазасын өтеушілерді медициналық тұрғыдан қамтуды аталған министрліктің қарауына беру тексерудің, диагностиканың және емдеудің заманауи әдістеріне кеңірек қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар медицина қызметкерлері енді қылмыстық мекеме әкімшілігіне бағынбайды, бұл болуы мүмкін заңсыз әрекеттердің алдын алады», - деді ІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобының бас маманы, санитар дәрігер Мәдина Төребаева ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған міндетті Денсаулық сақтау министрлігінің жауапкершілігіне беру екі кезеңнен тұрды.
Алдымен өткен жылы 1 шілдеде 16 тергеу изоляторы берілсе, биыл 1 қаңтарда 64 қылмыстық атқару мекемесі министрлік құзыретіне өткен.
«Қылмыстық атқару мекемелерін медициналық қамтамасыз ету осы уақытқа дейін ресурстар, сапа және қызметтерді бақылау тұрғысынан азаматтық сектордың медициналық қызметімен тең болмады. Негізгі проблема – медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі, қылмыстық мекемелерінің медициналық қызметкерлерінің жалақысы денсаулық сақтаудың азаматтық секторындағы қызметкерлерге қарағанда төмен болды», - дейді ол.
Сондай-ақ, ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, азаматтық медицинада айтарлықтай материалдық-техникалық база мен білікті мамандар бар.
Осылайша түрмелер мен уақытша ұстау изоляторындағы жазасын өтеушілерді қарайтын медицина қызметкерлерінің штаты Денсаулық сақтау министрлігіне берілді.