Соттар тұрғындарды алаяқтардан қалай қорғайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сот жүйесін ауқымды цифрландыру жалғасып келеді. Оның негізгі жетістіктерінің бірі – «Сот кабинеті» экожүйесі.

Соттар тұрғындарды алаяқтардан қалай қорғайды
Фото: Астана әкімдігі

Ол азаматтар мен бизнеске сот қызметтеріне бірыңғай онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді: өтініш беру, істердің қозғалысын қадағалау, сот актілері мен хаттамаларын алу. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары Нұргүл Лесова мен Алмас Салимов мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикерлердің айтуынша, 2014 жылы іске қосылған сервис жыл сайын дамып келеді: мобильді қосымшалар, QR-авторизация, Telegram-боттар енгізілді. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтар PDF, DOC(X), XLS(X) форматындағы көлемі 20 МБ-қа дейінгі құжаттарды жүктей алады, ал тіркеу ЭЦҚ немесе ЖСН/БСН арқылы жүргізіледі.

Қазақстанда азаматтық істердің 90%-дан астамы электронды түрде беріледі. Сот отырыстарының залдары аудио- және бейнежазба жүйелерімен жабдықталған, бұл қағаз хаттамалардың орнын басып, сот әділдігінің ашықтығын арттырды. Істердің автоматты түрде бөлінуі адами факторларды болдырмайды, ал Жоғарғы Соттың Ситуациялық орталығы онлайн-режимде сот әділдігінің жүздеген индикаторын бақылайды. Сот тәжірибесін талдауға арналған «Талдау» платформасы істер классификаторларын, прецеденттерді және аналитикалық материалдарды қамтиды.

Негізгі жаңалықтар қатарына: талап қоюшыларға арналған цифрлық көмекші, арестерді автоматты түрде алу, e-нотариаттағы биометриялық сәйкестендіру, «E-saraptama 2.0» сот сараптамасы жүйесі және виртуалды аутопсия жатады. Бұл шешімдер процестерді жеделдетіп, сот өндірісін «электрондық әділет» моделіне жақындатуда.

Қазақстан Республикасында интернет-алаяқтық ең қарқынды өсіп келе жатқан қылмыс түріне айналды. 2024 жылы 22 мыңнан астам факт тіркеліп, шығын көлемі 45,5 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың I тоқсанында 6,2 мың жағдай, ал тамыз айына дейін 14 мыңнан астам факт тіркеліп, залал көлемі 6 млрд теңгеден асты.

ҚР Қылмыстық кодексінде (190-бап «Алаяқтық», 232-1-бап «Дропперлер») алдау әрекеттері мен банктік шоттарды заңсыз беру үшін жауапкершілік көзделген. Дегенмен, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау азаматтық-құқықтық тәртіпте де жүзеге асырылады:

• Негізсіз баюды өндіру (ҚР АК 953-бап) – «дропперлерге» немесе ақшаны түпкілікті алған тұлғаларға қарсы талап қою;
• Алаяқтықтың ықпалымен жасалған мәміленің жарамсыздығы (ҚР АК 159-бап) – азаматтың еркінсіз рәсімделген «онлайн-қарыздарды» даулау;
• Крипто-P2P даулары – соттар заңсыз аударымдарды алғандарға қатысты «негізсіз баю» нормаларын жиі қолдана бастады.

2024 жылдан бастап «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға енгізілген жаңа норма (34-бап, 15-тармақ) банктерді алаяқтық анықталған жағдайда өндіріп алуды тоқтатуға және клиенттің қатысуынсыз рәсімделген займдар бойынша заңсыз ұсталған сомаларды қайтаруға міндеттейді.

• Растау кодтары мен құпиясөздерді ешқашан үшінші тұлғаларға бермеңіз.
• Міндетті түрде екі факторлы аутентификация қолданыңыз.
• Ақшаны «делдалдардың» карталарына аудармаңыз.
• Күмәнді жағдайларда банкке тек ресми нөмірлер арқылы хабарласыңыз.
• Оқиға болған жағдайда дереу шоттарды бұғаттап, полицияға жүгініп, қаражатты алған тұлғаға талап қойыңыз.

Қазақстанның сот жүйесі интернет-алаяқтықпен күресте азаматтардың мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін нақты механизмдерге ие.

Айта кетейік, бұған дейін интернеттегі алаяқтардан қалай қорғануға болатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар