Созылмалы аурулардың алдын алған дәрігерлерге сыйақы беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Аталған төлем учаскелік дәрігерлерге, мейіргерлерге, фельдшерлерге, сондай-ақ жүкті әйелдермен жұмыс істейтін акушерлерге арналған, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

аурухана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) медицина қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентінің жаңартылған жүйесін ұсынды.

Аталған өзгерісті енгізуге не түрткі болды

Жүйені жетілдіру қажеттілігі бастапқы буын дәрігерлерінің ерекше еңбек жағдайларымен, жоғары психоэмоционалды жүктемемен және созылмалы инфекциялық емес аурулардың профилактикасы рөлінің артуымен байланысты.

Жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті 2011 жылы енгізілген және ұзақ уақыт бойы қайта қаралмаған. Бұл оның мотивация құралы ретіндегі тиімділігін төмендеткенін ескере кеткен жөн. Сонымен қатар, 2020-2024 жылдар кезеңінде созылмалы инфекциялық емес аурулар бойынша шұғыл емдеуге жатқызу санының 2-4%-ға өсуімен медициналық қызметтерге шығындар 600%-ға өсті.

Жаңа тәсілдің өзгешелігі неде

Жаңартылған жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентінің басты міндеті — пациенттерді ерте анықтау және динамикалық бақылау арқылы профилактикалық жұмысты күшейту және емдеуге жатқызуды азайту.

— Жаңадан әзірленген индикаторлар толығымен автоматтандырылған, формалды тәсілді болдырмайды және учаскелер жұмысының нәтижелілігін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Жұмысты сапалы орындау кезінде көтермелеу сомасы тоқсанына 1,7 млн теңгеге жетуі мүмкін. Төлемдер учаскелік дәрігерлерге, мейіргерлерге, фельдшерлерге, сондай-ақ жүкті әйелдермен жұмыс істейтін акушерлерге арналған, — деп түсіндірді министрлік.

Балдық жүйе қалай есептеледі

50 балл (1 балл = 4,5 АЕК) — қанайналым жүйесі аурулары мен қант диабеті бар пациенттерді толық динамикалық бақылау үшін;

* 25 балл — созылмалы ауруларды ерте анықтау және әйелдерді жүктілікке дейін сауықтыру;

* Бонустар (1 бонус = 5 АЕК) — қатерлі ісіктерді және туберкулезді анықтағаны үшін.

Ведомство атап өткендей, жаңа жүйені енгізу - созылмалы инфекциялық емес ауруларға байланысты асқынулар мен шұғыл ауруханаға жатқызу санын азайтуға; профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруға; дәрігерлердің халықпен әріптестігін нығайтуға; азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттануын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа шаралар бастапқы буын мамандары үшін пәрменді ынталандыру болады және созылмалы аурулармен күресте ұзақ мерзімді әсерді қамтамасыз етеді.

Осыған дейін Қазақстанда медициналық кадрларды даярлау мен қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесінде дәрігерлер тапшылығы 19%-ға азайғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар