Спортшы, заңгер, мұнайшы: Еріктілер су тасқынында қалай еңбек етті

Еріктілер
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі су тасқынына қарсы іс-шараларда 50 мыңнан астам волонтер еңбек етіп келеді. Олар тұрғындарды эвакуациялауға атсалысып, гуманитарлық көмекті жинап сұрыптайды, арық қазып, бөгеттерді күшейтеді. Бірлік күніне орай, агенттік тілшілері түрлі өңірде жұмыс істеген волонтерлар оқиғасын ұсынады.

Самбодан Азия және Әлем чемпионы, 30 жастағы Нұрбол Серіков Орал қаласында жаттығушы болып жұмыс істейді және кәсіби спортпен айналысады. Ол су тасқыны басталғалы еріктілер қатарынан табылды. Оған қоса, 15 сәуірде Семейде өткен ел біріншілігінде жүлделі бірінші орын алып үлгерді және қайтадан волонтерлікке оралды. 

Самбодан Азия және Әлем чемпионы, 30 жастағы Нұрбол Серіков

«Әрине, ел басына күн туғанда ер жігіттің қарап жатуы жарамайды. Тұтас қаланы су басу қаупі төнгенде жаттығуым бар еді деп қалай айтасың? Осылайша, спорттағы әріптестерім мен достарымды жинап, арнайы көмек тобын құрдық және қай жер көмекке мұқтаж болса, сонда барып, қол ұшын бердік. Бар қолымыздан келгені құм салып, қап тасу, гуманитарлық көмекті тарату болды. Ата-анамның үйіне су жақындағандықтан, оларды да қауіпсіз жерге көшіру қажет болды», - деді спортшы агенттікке берген сұхбатында. 

Самбодан Азия және Әлем чемпионы, 30 жастағы Нұрбол Серіков

Келесі айда Макао қаласында самбодан Азия чемпионаты өтеді және қараша айында Астанада әлем біріншілігі болады. Нұрбол сол жарыстарға дайындалып жүр. 

«Семейдегі жарыс та өте маңызды еді. Өйткені жыл сайын Ұлттық құрама сапында өз нәтижемізді растап, бекітіп отыруымыз керек. Бір жылдық еңбегіміз сыналатын, жауапкершілікке толы сәт деуге де болады. Онсыз жарыстарға бару қиын. Нәтижесінде жарыс ойдағыдай өтті, бірінші орын алдым. Келгенде де су басу қаупі сейілген жоқ, қайтадан бөгет жасау жұмыстарына кірістік. Оған қоса, гуманитарлық көмектер легін түсіріп, эвакуация орнындағы тұрғындарға таратамыз», - дейді Н. Серіков. 

Оның айтуынша, Орал қаласына көмекке көптеген еріктілер келді. Халықтың ауызбіршілігі де осындайда көрінді. 

«Құтқарушылар, полицейдер, әкімдік, еріктілер, блогерлер, әншілер, бәрі жұмыла іске кірісті. Бәріміздің мақсатымыз – қаланы құтқару болды. Әсіресе Заречный, Венера, Зачаганск секілді саяжай аумақтарында жағдай қиын еді. Қанша бөгет салынса да, судың ағысы шайып кетті. Құтқарушылар күндіз-түні моторлы қайықпен тұрғындарды алып шығатын. Жастар ауысыммен жұмыс істеді. Құм түсіретін көлік жүргізушілері үйіне бармай, рулінде ұйықтайтын. Расында да еліміздің бірлігін, біртұтастығын көріп сүйсіндік», - дейді спортшы. 

Петропавл тұрғыны Евгений Соловьев 21 жаста. Ол М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 4-курс студенті және 8 жылдан бері волонтерлікпен айналысады. Болашақ заңгер тұтынушылар құқығын қорғау бойынша консультациялар береді. 

«Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін волонтерлік пункт бар – 956 адам гуманитарлық көмек тасумен, адамдарды құтқарумен айналысып жатыр. Бастапқыда ТЖД мамандарымен бірге су басқан Подгора ауданын эвакуациялауға қатыстық, онда бөгет жасауға тырыстық, алайда бұл бөгеттер адамдардың эвакуацияланып үлгеруіне ғана көмегін тигізді. Әрине жергілікті халық аз уақытта белуардан келетін су боларына сенбеді. Судың да ағысы қатты болды. Адамдарды құтқарған соң, жан-жануарға кірістік. Байлаулы күйде қалған иттер, мал-мүліктерге жол аштық», - деді Е. Соловьев. 

Кейінірек Петропавлда волонтерлердің ағысы қатты мұздай суға түсуі қауіпті деп танылып, тыйым салынған. Сонда Евгений бастаған волонтерлік топ қала маңындағы Большая малышка, Пресновка, Соколовка, Вагулин ауылдарына барып, тұрғындарға барынша көмектескен. 

Еріктілер
Фото:

«Мұздай судан ауырған кездеріміз болды, волонтер дәрігерлер бізді емдеді. Қазір көп уақытымыз гуманитарлық жүктерді түсіруге, тұрғындарға таза ауыз су таратуға бөлінеді. 22 сәуірде су тасқыны қаупі шегіне жеткенде, үйге баратын уақытымыз болмады. Өйткені таңғы 4-тен бастап, жаңа жүк көлігін қабылдап, баспанасыз қалған жандарға азық-түлік таратамыз. Волонтерлік – халқымызға тән қасиет. Тіпті су тасқынынан зардап шеккен адамдардың өзі басқаларға көмектесуге ұмтылып тұрады. Енді оларға құқықтық көмек көрсету жолын қарастырып жатырмыз. Өтемақы алу жолдарын түсіндіретін ұсынымдар әзірлейміз», - дейді волонтер. 

Сонымен бірге, су басқан елді мекендерге жекелеген шет ел азаматтары да қол ұшын созды.
Сондай азаматтардың бірі — АҚШ-тың оңтүстік Луизиана штатынан келген маман Джон Фелл. Ол жергілікті мұнай компаниясында жұмыс істейді және 60-қа жуық әріптесімен бірге жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, көпшіліктің ортасынан табылды.

Джон Фелл

«Біздің Луизиана штатында жылына 3-4 рет су тасиды. Сондықтан тасқынмен күресте біраз тәжірибем бар. Бар білетінімді Жайық жағасын бекітуде пайдаланып жатырмын. Атырау менің екінші үйім болып кетті. Отбасым да осында. Осы жердегі жұмысты аяқтап болған соң, тұрғын жайымды қорғауға барамын», — деді Д. Фелл. 

Дағыстандық Омарасхаб Ахмедов та елдің ықыласына бөленді. Ол түнгі сағат 2-де досының қоймасында сақталған 50 мың қапшықты жүк көлігіне тиеп, Астрахань асып, Атырауға келіп, тұрғындармен бірге бөгет жасауға көмектесті. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда ел бойынша волонтерлер 10 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады, оның 6326 тоннасы су тасқынынан ерекше зардап шеккен аймақтарға жеткізілді және таратылды.

Еріктілер

 

Соңғы жаңалықтар