Спорттағы биылғы жылдың басты оқиғалары қандай
Биыл әлемді жанкүйерлер асыға күтетін бірнеше беделді жарыстар күтіп тұр. Олардың барлығында қазақстандық спортшылар бақ сынайды. Олардан медаль алу мүмкіндігіміз қандай ?
Kazinform тілшісі аталған жарыстар жөнінде таразыға тартып, қазақстандық спортшылардың дайындығын зерделеп көрген еді.
Жастарға зор сенім артамыз
Алғашқысы 2024 жылдың 19 қаңтарында Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы. Дүбірлі дода 1 ақпанға дейін созылады.
Олимпиадаға жер-жаһанның 70 елінен 1800 (950 ұл, 950 қыз) спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 7 түрінен 15 дисциплина бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жасөспірімдер Олимпиадасы осымен төртінші рет өткелі отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қоржынында биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, керлинг, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайл, параллель могул түрінен 30 жолдама бар.
Қысқы жасөспірімдер олимпиадасы 2012 жылдан бастап өтіп келеді. Бұған дейін Австрия, Норвегия және Швейцарияда өтті. Корея – Олимпиаданы қабылдаған төртінші ел.
Чехияда шеберлігімізді шыңдай түсеміз
Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылдың 10-26 мамыры аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында он алты құраманың қатарында сынға түседі. Олар А тобында (Острава) АҚШ, Германия, Швеция, Словакия, Латвия, Франция, Польшамен шеберлік байқасады.
Былтыр ұлттық құрама тізгінін ұстаған қазақстандық Ғалым Мәмбетәлиев сол қызметін биыл да жалғастырады. Бұл шешім Қазақстан хоккей федерациясының конференциясы отырысында қабылданды.
Сондай-ақ, шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгілер арасындағы ел құрамасы биыл элиталық дивизионда ойнауға мүмкіндік алды. Олар бірінші дивизионның А тобында бірінші орынға тұрақтап, үздіктер қатарына көтерілді.
Ал өткен жылдың сәуірінде біздің жасөспірімдер IA дивизионындағы әлем чемпионатында бірінші орынды иеленіп, элитаға көтерілді.
Атап өтерлігі, биыл ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары әлем чемпионатының топ-дивизионында ойын көрсетеді. Бұл ел тарихында алғашқы мәрте кездесіп отыр.
Құрлықтық дода қол бұлғап тұр
Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына шығуына әлі де мүмкіндігі бар. Енді УЕФА Ұлттар лигасы плей-офф сатысы арқылы құрлықтық дода жолдамасын қалтаға басуға болады.
Ел құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Қазақстандық футболшылар Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. Өз тобында 2008, 2012 жылдарда - 6, 2016, 2020 жылдарда - 5 орын алды.
Қазақстандық футболшылар H тобында Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино құрамаларымен сынға түсті. Алғашқыда футбол сарапшылары оларды өз тобында соңғы орынның бірін місе тұтады деген болжам жасаған еді. Десе де іріктеу сатысы барысында ел құрамасы жоғары деңгейде ойын көрсете білді. Өз тобында үшінші орынға тұрақтады.
Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияда өткізіледі.
Парижге кімдер барады ?
Биылғы жылдың басты оқиғасының бірі – Париж Олимпиадасы 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.
Дүбірлі додада 32 спорт түрінен жүлде өз иесін табады. Әлемнің 200-ден аса мемлекетінен келген спортшылар 306 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Оған баратын қазақстандық спортшылар саны әлі толық белгілі болған жоқ. Алда іріктеу кезеңдері өтеді. Жарысқа баратындар саны содан кейін белгілі болады.
2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына академиялық есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3x3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф енгізілген. Сондай-ақ, оның бағдарламасында байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таеквондо, ауыр атлетика, футбол, көгалдағы хоккей бар. Олимпиаданың жаңа бағдарламасына брейкинг, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг пен серфинг қосылды.
Жазғы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар тәуелсіз еліміздің атынан 1994 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін барлығы 72 медаль еншілеп үлгерді. Оның ішінде бокс, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, күрес, велоспорт, қазіргі бессайыс, суға жүзу, дзюдо, оқу ату, каратэ, таэквондо бар.
Төртінші мәрте үздіктер қатарында
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысында ойнайды. Жарыстың элиталық сатысында ел құрамасы Нидерланд (2:0, 2:0), Әзербайжан (4:2, 3:2) және Румыния (4:3, 2:0) құрамаларын екі мәртеден жеңіп, 18 ұпаймен А тобында бірінші орын алды.
Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
Әлем чемпионаты 2024 жылдың 14 қыркүйек және 6 қазан аралығында Өзбекстанда өткізіледі. Онда барлығы 24 құрама бақ сынайды. Еске салсақ, бұдан бұрын «Қазақстан хоккейі: Сәттілік серік болған жыл» тақырыбында ой қозғадық.
Сондай-ақ, ел футболындағы елеулі оқиғалар таразыға тартылды.