Сталкинг туралы заң қалай жұмыс істеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Сенің әр қадамыңды қадағалаймын…». Мұндай хабарлама алғашында жай әзіл көрінгенімен, шын мәнінде адамның өмірін қара түнекке айналдыра алады. Сталкинг – сезім емес, жүйелі қудалау, аңду және психологиялық қысымның қылмыстық көрінісі. Kazinform тілшісі қауіпті құбылыстың себеп-салдарын сарапшылармен бірге талдады.

сталкер
Коллаж: Kazinform/ Nano banana

Сталкингтің хронологиясы

Термин ағылшын тілінен шыққан (stalking – «қудалау, аңду») және бастапқыда аңшылықта жемтікті аңду тәсілі ретінде қолданылған. Бірақ 1989 жылы актриса Ребекка Шефферді Роберт Бардо ұзақ уақыт бойы қудалап, ақыры өлтіргеннен кейін ұғым БАҚ-та кеңінен тарады. Сол сәттен бастап АҚШ-тың Калифорния штаты жүйелі қудалау әрекеттерін заң жүзінде қарастыра бастады.

Әлемдік тәжірибе сталкингтің қаупін дәлелдеген оқиғаларға толы. Мысалы, 1996 жылы исландиялық әнші Бьоркке ессіз әуестенген жанкүйері Рикардо Лопес қауіпті хат жіберіп, кейін өзіне қол жұмсады. 1981 жылы Джоди Фостерді ұнатқан Джон Хинкли АҚШ президенті Рональд Рейганға қастандық жасап, актрисаның назарын аудармақ болды. Ал 2018 жылы Тейлор Свифттің Роджер Альварадо есімді жанкүйері әншінің үйіне заңсыз кіріп, төсегіне жатып алған. Бұл оқиғалар сталкингтің тек психологиялық емес, нақты физикалық қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсетті.

Қазір сталкинг әлемнің көптеген елінде жеке қылмыс ретінде қарастырылады. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германия мен Австралияда заң сталкингке тыйым салып, айыппұлдан бастап 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Үрейден құқыққа: сталкингке қарсы қадам

Қазақстандағы ахуалға ойыссақ. Елімізде ұзақ уақыт бойы сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жоқ. Заңгер Халида Әжіғұлованың айтуынша, мұндай жағдайлар Қылмыстық кодекстің «Қорқыту» бабы аясында ғана бағаланатын. Алайда іс жүзінде қорқытудың шынайы қауіп екенін дәлелдеу міндеті жәбірленушінің өзіне жүктелді, яғни күдіктінің сөз жүзіндегі қоқан-лоқысы нақты әрекетке ұласқанын көрсету талап етілетін.

Сарапшы халықаралық тәжірибеде мұндай сөздердің өзі құқық бұзушылық ретінде қарастырылатынын айтады. Оның пікірінше, ешкім өзге адамды үрейде ұстауға құқылы емес.

Халида Әжіғұлова
Фото: Халида Әжіғұлованың жеке мұрағатынан

– Жәбірленуші күн сайын бұл бос сөз бе, әлде нақты қауіп пе деп ойлап жүрмеуі тиіс, – дейді заңгер.

Олқылық түрлі адамның тағдырына әсер етті. Соның бірі – экс-сенатор, журналист Дана Нұржігіт жария еткен жағдай. Оның айтуынша, 2019-2022 жылдары некеде болып, ажырасқаннан кейін де бұрынғы күйеуінің қудалауы тоқтамаған.

– Мені аңдуды шығарды. Күн демей, түн демей қоңырау шалатын. Бассейнде жүзіп жүріп басымды көтерсем, алдымда тұрады. Жұмыстан шықсам, көлігімнің жанында күтіп тұрды, дәрігерге жазылсам, сол жерде жүреді. Денсаулығым нашарлап, процедурада жатқанымда да кіріп келді. Көшеде кетіп бара жатсам, «кіммен сөйлесіп бара жатсың?» деп қоңырау шалатын. Шыны керек, үнемі біреу аңдып тұрғандай күй кештім. 2022 жылдың екінші жартысы мен 2023 жылды осылай өткіздім. 2024 жылғы 13 маусымда сот үкімі күшіне енді, – дейді журналист.

Дана Нұржігіт тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты
Фото: instagram.com/dana_nurzhigit

Бұл жағдай оның денсаулығына ғана емес, кәсіби қызметіне де әсер еткен. Кейін сот процестерінен соң экс-күйеуі интим фото-видеолар түсіргені үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша үш жылға сотталды. Осы оқиғадан кейін Дана Нұржігіт сталкингке қатысты арнайы заң нормасын енгізуді талап етті.

сталкинг
Инфографика: Kazinform

Қоғамдағы резонансты істерден кейін өткен жылы Қылмыстық кодекске 115-1-бап – «Сталкинг» енгізілді. Енді жүйелі қудалау әрекеттері үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Халида Әжіғұлова қудалау тек физикалық аңдумен шектелмейтінін айтады. Оның сөзінше, онлайн-кеңістіктегі қысым да сталкинг ұғымына кіреді.

– Сталкинг – тек шынайы өмірдегі аңду емес. Бұған онлайн-қудалау да кіреді: тұрақты қорлау, қорқыту, мазасыздық пен жайсыздық тудыратын хабарламалар, – дейді ол.

Сондай-ақ адамның жүріп-тұруын бақылауға талпыну, электрондық поштасын бұзу немесе әлеуметтік желідегі аккаунттарына заңсыз кіру де жүйелі қудалау ретінде сараланады.

Сарапшының айтуынша, негізгі өзгерістің бірі – полицияның мұндай арыздарға міндетті түрде әрекет етуі.

– Енді сталкинг үшін жеке жауапкершілік белгіленгендіктен, құқық қорғау органдары арызды қараусыз қалдыра алмайды. Егер өтініш қабылданбаса немесе тиісті шара қолданылмаса, азаматтар прокуратураға немесе Ішкі істер министрлігіне жүгінуге құқылы. Министрлік құрамындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімше мұндай істерді бақылауға алуға міндетті, – дейді заңгер.

сталкинг
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro

Нұрай ісі, Қызылордадағы қудалау және Ұлытаудағы киберсталкинг

Заң күшіне енгеннен кейін құқық қорғау органдары жаңа бап бойынша жұмысты жүйелеуге кірісті. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың шілде айынан бері сталкинг бойынша шамамен сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Жаңа бап аясында қаралған істердің ішінде Шымкентте болған қайғылы жағдай қоғам назарын ерекше аудартты. 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу барысында күдіктінің әрекеті бір реттік шабуыл емес, бірнеше айға созылған жүйелі қудалау болғаны анықталды. Туыстарының айтуынша, марқұмға алдын ала сталкинг жасалып, тіпті алып қашу оқиғасы да болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, арыз қабылданбаған. Оқиғадан кейін Президент тапсырмасымен полиция әрекетіне тексеріс жүргізіліп, Шымкент қаласы полициясының бастығы қызметінен босатылды. Некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

В Шымкенте расследуют убийство девушки: подозреваемый установлен
Шымкент ПД видеосынан кадр

Нұрай оқиғасынан кейін қызылордалық қыз әлеуметтік желіде өзі басынан өткерген қудалау туралы жариялады. Нәтижесінде №2 Қызылорда қалалық соты ер адамды сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алды. Сонымен қатар 500 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушімен әлеуметтік желі, ұялы байланыс және WhatsApp арқылы тұрақты түрде хабарласып, оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнына барып, жүйелі қысым көрсеткен. Жәбірленуші сотта үнемі қорқыныш жағдайында өмір сүргенін және мекенжайын өзгертуге мәжбүр болғанын айтты.

Ал Ұлытау облысындағы киберсталкинг оқиғасы сталкингтің жаңа, күрделі формасын көрсетті. Бес жыл бойы бір отбасы анонимді аккаунттар арқылы жүйелі цифрлық шабуылға ұшыраған. Қаскүнем жасанды интеллект көмегімен интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасап, оларды туыстарына және таныстарына жіберіп отырған. 2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген соң, болашақ күйеу жігіттің отбасына ар-намысына тиетін жалған бейнематериал жолдап, салдарынан құдалық бұзылған.

Жәбірленуші цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге тырысқанымен, шабуыл оның жақын туысына ауысқан. Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, бұл отбасының, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне әсер еткен. Нәтижесінде құқық қорғау органдары шабуылдаушының жеке басын анықтап, әрекетін тоқтатты.

сталкинг
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro

ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты Заңнама тиімділігін талдау бөлімінің басшысы Тимур Авенов цифрлық кеңістіктегі қорғаныстың маңызын ерекше атап өтеді.

– Бұл мәселенің Конституцияның жаңа жобасында бекітілуі цифрлық технологиялардың қоғам өмірінде айрықша маңызға ие болғанын көрсетеді. Жеке деректердің қорғалуы мен цифрлық қызметтердің қауіпсіздігі – заманауи құқықтық жүйенің басты талаптарының бірі. Сондықтан мұндай нормалардың Ата заңда айқындалуы азаматтардың құқықтарын жаңа дәуір талаптарына сай қорғауды күшейтеді, – дейді маман.

Психолог не дейді?

Ендігі кезекте сталкингтің психологиялық әсеріне тоқталсақ. Мамандардың айтуынша, қоғамда кейде шамадан тыс көңіл бөлу, қайта-қайта хабарласу немесе алған бетінен қайтпау романтикалық мінез-құлық ретінде қабылданып жатады. Алайда сталкинг – сезім білдіру емес, жүйелі түрде жеке шекараны бұзу.

Психолог Ғазиза Әділбай кибербуллинг пен сталкингтің аражігін де ажыратты.

– Кибербуллинг әдетте көпшіліктің көзінше қорлау, мазақ ету, масқаралау арқылы жүзеге асады. Ал сталкинг көбіне нақты бір адамға бағытталады және мақсаты – қорқыту, бақылау немесе толық билеп-төстеу, – деп түсіндіреді маман.

Ғазиза Әділбай
Фото: Ғазиза Әділбайдың жеке мұрағатынан

Сталкингке ұшыраған адамның психологиялық жағдайы біртіндеп өзгереді. Ең алдымен тұрақты мазасыздық пайда болады. Ұйқысы бұзылып, зейіні төмендейді, жалғыз қалудан қорқады, үнемі сақ жүреді. Уақыт өте келе әлеуметтік оқшаулану байқалады. Кейбір жағдайларда посттравмалық стресс бұзылысы дамып, қорқыныштар мазалай бастайды.

Психологтің пікірінше, сталкингке бейім адамдардың да белгілі бір ерекшеліктері болады. Көбіне олар өткен қарым-қатынасқа байланып қалған, сезімін сау жолмен жеткізе алмайтын жандар.

– Сталкер – өз эмоциясын басқара алмайтын, қорқынышпен, жалғыздықпен, өзін-өзі төмен бағалаумен күресіп жүрген адам. Оның өзіндік ерекшеліктері болады. Ең қауіпті сталкерлер бұрын ажырасқан, романтикалық қарым-қатынаста болған адамдар. Дереккөздерде шамамен сталкерлердің 80 пайызы ер адамдар деп айтылады. Өкінішке қарай әзірге нақты статистика жоқ, – дейді маман.

Психолог жәбірленушілерге нақты әрекет алгоритмін ұсынды.

– Сталкермен диалогке түспеу керек. Оның нөмірін бұғаттау, қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды. Міндетті түрде полицияға жүгіну, заңгерлермен және дағдарыс орталықтарымен байланысу қажет. Ең бастысы сталкерді «түзетемін» деп жалғыз қалмау. Мұндай әрекет кесірін тигізуі мүмкін, – дейді спикер.

P.S. Елімізде сталкинге қарсы заң қолданыста, құқықтық тетіктер іске қосылды. Енді қоғамның міндеті – сталкингті романтикаламау болса, жәбірленушінің міндеті – үнсіз қалмау. Себебі сарапшылар қауіпсіздік жеке шекарадан басталатынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум