Starbucks 400-ге жуық кофеханасын жауып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Starbucks АҚШ-тағы 900 қызметкерін жұмыстан босататынын және айдың соңына дейін Солтүстік Америкадағы 400-ге жуық сауда нүктесін жабатынын мәлімдеді, деп хабарлады ВВС.

Сондай-ақ компания Еуропадағы кейбір кофеханаларын жабуды жоспарлап отыр.
Қысқартулардың мақсаты — шығындарды азайту.
Бұған қоса, басшылық бұл өзгерістер тұтынушылардың сауда нүктелерінде күту уақытын қысқартып, табысты орындарда сатуды көбейтетінін айтады.
Starbucks осы жылдың ақпан айында АҚШ-тағы 1 100 жұмыс орнын қысқартатынын және сатылымның төмендеуіне байланысты мәзірін ретке келтіретінін хабарлады. Осылайша компания бір жыл ішінде өз еліндегі 2 000 жұмыс орнын қысқартуға мәжбүр болды.
Компанияның бас директоры Брайан Никколдың айтуынша, келесі қысқарту аясында Ұлыбритания, Швейцария және Аустриядағы кейбір кофеханалар да жабылады. Сонымен қатар компания осы қаржы жылында Ұлыбританияда 80 және Еуропа, Таяу Шығыс және Африкада барлығы 150 жаңа сауда нүктесін ашу жоспарынан бас тартқан жоқ.
Шілде айында Starbucks жариялаған тоқсандық есеп бойынша, брендтің АҚШ-та ашылғанына бір жылдан көп болмаған кофеханаларындағы сатылым алтыншы тоқсан қатарынан төмендеді. Ішкі нарық, Америка Құрама Штаттары, ең танымал кофеханалар желісі үшін ең маңызды нарық саналады.
Starbucks акциялары теріс қаржылық нәтижелер аясында жыл басынан бері 8%-ға құлдырады.
TD Cowen сарапшылары АҚШ-тағы барған сайын танымал формат — көліктен шықпай-ақ кофе сатып алуға мүмкіндік беретін кофеханалар Starbucks-тың елеулі бәсекелесіне айналғанын атап өтті.
— Starbucks кофеханаларының тұтынушылар алдындағы имиджі бәсекелестердің имиджімен салыстырғанда нашарлап барады, - дейді сарапшылар.
Сауалнамаларда тұтынушылардың 70 пайыздан астамы бағаның жоғары болуына байланысты Starbucks-қа баруды азайтатынын айтты.
Еске сала кетейік, Starbucks 1 100 қызметкерін қысқартпақ.