Степногор қаласындағы жетім балаларға пəтер кілті тапсырылды

Аймақ басшысы Сергей Кулагин өңірге жұмыс сапары барысында Степногор қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді, сондай-ақ, қала əкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысты.
Алдымен аймақ басшысы Бестөбе кентіндегі сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Өткен жылы мұнда "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша құны 1,7 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыз су мәселесі толығымен шешілген болатын.
Сонымен қатар, аймақ басшысы кенттегі орта мектеп, мəдениет үйі, дәрігерлік амбулатория жəне "Қазақалтын" ТКМК " АҚ кенішінде болды.
Ал, Степногор қаласында баспана кезегінде тұрған 18 жетім балаға қалпына келтірілген 48 пəтерлі тұрғын үйден пəтер кілтін салтанатты түрде тапсырды. Аталған үй өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 171,9 миллион теңге қаржыға жөнделген болатын.
Жұмыс сапарын қорытындылаған өңір басшысы Степногор қаласы əкімі Əнуар Күмпекеевтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысып, 2016 жылдың əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен Елбасының Жолдауында туындайтын міндеттерді белгіледі.