Странджа — 2025: Тағы 3 боксшымыз алғашқы жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық Странджа турнирінде ерлер құрамасынан тағы үш боксшымыз қарсыластарын қапы қалдырып, келесі айналымға өтті.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
Фото: ҚР Спортты дамыту дирекциясы

Атап айтар болсақ, 63.5 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Ертуған Зейнуллинов 1/8 финалда жергілікті боксшы Владислав Лисовыймен кездесіп, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімі бойынша қарсыласын жарыс жолынан тайдырды. Есеп — 5:0.

Енді ол келесі ширек финалда айқасын Әзербайжан елінің өкілі Руслан Рустамовқа қарсы өткізеді.

Осы салмақта тағы бір отандасымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да ширек финалға өтті. Ол алғашқы айқасында Грузин боксшысы Саба Ткебучавамен жұдырықтасты. Алайда қарсыласы қазақ боксшысына қарымды қарсылық таныта алған жоқ. Грузин боксшысы үшінші раундта бокстасудан бас тартты. Осылайша жекпе-жек Мұхаммедсабырдың жеңісімен аяқталды.

Ал 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Ерасыл Жақпеков қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. Ол алғашқы жекпе-жегін пәкістандық Умаис Икбалға қарсы өткізген болатын. Отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Төреші онға дейін санағанша, қарсыласы орнынан тұра алған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін бүгін шаршы алаңға шыққан төрт бұрымды қызымыздың үшеуі қарсыласын қапы қалдырса, біреуі жарыс жолын аяқтағанын жазған едік.

Сондай-ақ, бүгін жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасындағы егіз боксшылар Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбайлар бірінен кейін бірі қарсыластарын нокаутпен жеңді.

Сонымен бірге Бекзат Нұрдәулетов те өз кезегінде өзбек боксшысын бірінші раундта нокаутқа түсірді.

Өкінішке қарай, аталған турнирде ерлер арасында 51 келіде ел намысын қорғаған Бекзат Алдамжаров бірінші жекпе-жегінде қарсыласына жол беріп, көрермендер қатарына қосылды.

Соңғы жаңалықтар