Стратегиялық нысандар тізіміне қандай объектілер кіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда стратегиялық нысандарды айқындау тетіктері нақтыланып, оларды жекешелендіру мен басқару тәртібі қайта қаралады. Бұл мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасында көзделген.
Хабарламада айтылғандай, құжатта бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.
Біріншіден, стратегиялық объектілерді анықтау өлшемшарттары нақтыланады. Стратегиялық нысандар тізіміне ұлттық қауіпсіздікке, экономиканың тұрақтылығына немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін инфрақұрылымдық объектілер енгізіледі.
Екіншіден, жекешелендіру процесі инвестиция тарту және жұмыс орындарын сақтау шарттарымен жүзеге асырылады. Бұл ретте стратегиялық объектілердің тізбесі Үкіметтің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бекітіледі.
Үшіншіден, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік экономиканы дамытудағы рөлі айқындалады. Олар инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысып, қызметін ашықтық, әділ бәсекелестік және мемлекет пен бизнес арасындағы тең құқылы әріптестік қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
Сонымен қатар мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттыру мақсатында автоматтандырылған талдау тетіктері енгізіледі. Мемлекеттік мүлік тізіліміне қосымша мәліметтер енгізу арқылы ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы қамтамасыз етілмек.
— Заң күшіне енген жағдайда жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың активтеріне түгендеу жүргізіп, бейінді емес активтерден шығу және даму жоспарларын қайта қарау жұмыстарын жүзеге асыруға міндетті болады, — делінген құжатта.
Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін орналастырылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды.