Студенттер химия профессорын Сербия президенттігіне ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Сербиядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен студенттер қозғалысы мемлекет басшысы лауазымына үміткерді анықтады. 27 желтоқсанда өтетін кезектен тыс президент сайлауында олардың атынан Белград университетінің 65 жастағы профессоры Радомир Саичич бақ сынайды, деп хабарлайды Associated Press.

Радомир Саичич
Фото: Darko Vojinovic

Радомир Саичич кім?

Радомир Саичич Белград университетінде органикалық химиядан сабақ береді және Сербия ғылым және өнер академиясының толық мүшесі.

Ол 25 қазанда өткен парламент сайлауына да студенттер қозғалысының тізімі бойынша қатысып, депутаттық мандатқа ие болған.

Өзінің кандидатурасын ұсыну туралы мәлімдемесінде Саичич президент лауазымының беделін қайтаруға және қатаң түрде конституциялық өкілеттіктер шеңберінде әрекет етуге ниетті екенін айтты.

Профессордың пікірінше, бұрынғы мемлекет басшысы Александр Вучич президентке көзделген өкілеттік шегінен шығып кеткен.

— Соңғы онжылдық заң үстемдігінің бұзылуымен, жемқорлықпен және өшпенділік тілімен есте қалды, — деп мәлімдеді Радомир Саичич.

Радомир Саичич
Фото: Darko Vojinovic

Сондай-ақ ол мемлекеттік институттарды және азаматтардың оларға деген сенімін қалпына келтіруді қолдайтынын жеткізді.

Студенттер қозғалысы жеңіске қалай жетті?

Саичичтің кандидатурасын ұсыну 25 қазанда өткен кезектен тыс парламент сайлауындағы студенттер қозғалысының жеңісінен кейін іле-шала жүзеге асты.

Сербия сайлау комиссиясының деректері бойынша, «Студенттер тізімі — Студенттер жеңеді» 53,01% дауыс жинаса, «Александр Вучич — Біртұтас Сербия» тізімі 38,98% дауысқа ие болды.

Саяси қозғалыс 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры құлағаннан кейін басталған жаппай наразылық акциялары аясында қалыптасты. Ол кезде 16 адам қаза тапқан болатын.

Наразылық білдірушілер қайғылы оқиғаны вокзал ғимаратын қайта жаңарту кезіндегі болжамды жемқорлықпен және заңбұзушылықтармен байланыстырды.

Екі жылға жуық уақытқа созылған наразылықтардан кейін студенттер қолдаған қозғалыс парламент сайлауында жеңіске жетіп, Сербия прогрессивті партиясының көпжылдық үстемдігіне нүкте қойды.

Сербияда кезектен тыс президент сайлауы неліктен өтіп жатыр?

Александр Вучич парламент сайлауынан кейін премьер-министр лауазымын иелену үмітімен 2026 жылдың 27 қыркүйегінде отставкаға кетті. Алайда оның саяси күші дауыс беруде жеңіліс тапты.

Кезектен тыс президент сайлауы 27 желтоқсанға белгіленді.

Сербияда президент негізінен өкілдік функцияларды атқарады. Атқарушы билік басты түрде үкімет пен премьер-министрдің қолында шоғырланған.

Associated Press ақпараты бойынша, Вучич өз партиясы тарапынан президент сайлауына бойкот жариялануы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Саичичтің кандидатурасы жарияланған сәтте алдағы дауыс беруге қатысатын өзге үміткерлердің құрамы әлі анықталмаған еді.

Еске сала кетейік, 27 қыркүйекте Kazinform агенттігі Александр Вучичтің кезектен тыс парламент сайлауына қатысу үшін Сербия президенті қызметінен кететінін жариялағанын хабарлаған болатын.

2 қарашада Сербияның Республикалық сайлау комиссиясы барлық 8392 сайлау учаскесінен алынған деректерді өңдеп шығып, кезектен тыс парламент сайлауының соңғы нәтижесін жариялады.