Студенттік омбудсмен институтына қандай шағым жиі түседі
АСТАНА. KAZINFORM – Студенттік омбудсмен барлық өңірде белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан айтты.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда еліміздің 122 жоғары оқу орнында 680 мыңға жуық студент білім алады. Министрлік жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оқу процесіндегі әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте студенттік омбудсмендер институтының орны ерекше. Студенттік омбудсмендер екі жылдан астам уақыт ішінде барлық өңірде белсенді жұмыс істеп жатыр.
– Академиялық адалдықты сақтау – білім алудағы басты принциптердің бірі. Бұл ретте Академиялық адалдық лигасы құрылған. Оған бүгінде 18 жоғары оқу орны мүше, - деді Ақерке Абылайхан Орталық коммуникациядар қызметіндегі брифингіде.
Ал Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Тоқтар Болысов студенттік омбудсмендердің 2024-2025 оқу жылындағы қызметіне тоқталып, 6 079 өтініштің қаралғанын мәлімдеді. Олардың дені оқу процесі, жатақхана, шәкіртақы және ұйымдастырушылық мәселелерге қатысты болған.
– Омбудсмендер институтының мақсаты – студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдегі жоғары оқу орындарында қауіпсіз әрі әділетті білім беру ортасын қалыптастыру. Жыл ішінде 100-ден астам жоспарлы іс-шара мен 20-дан астам жоспардан тыс мониторинг жүргізілді. Омбудсмендер студенттердің өтініштеріне жедел әрекет етіп, туындаған мәселелерді уақытылы шешуге және қиын жағдайдағы студенттерге қолдау көрсетуге мүмкіндік берді, - деді ол.
2022 жылы ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студент құқығын қорғайтын омбудсмен пайда болатынын айтқан еді.