Су саласына бөлінген білім грантының тең жартысы игерілмей қалды – министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 9 жоғары оқу орнында су саласы үшін мамандар даярланады. Алайда биыл бөлінген 618 гранттың 297-сіне ғана студенттер қабылданған. Маңызды сала мамандарын оқыту туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі баяндады.

− Президенттің 2024 жылғы 12 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес, Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру мақсатында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды. Өңірдегі ерекше мәртебеге ие, алғашқы ұлттық университет бас лицензияны алды, − деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұл университет Финляндия университетімен жаңа 4 білім беру бағдарламасын (Smart water (Ақылды су), Water security (Су қауіпсіздігі), IWRM (су ресурстарын кешенді басқару), Environmental monitoring) әзірлеу бойынша жұмыстарды бастады.
Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық су университеті Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жұмыстарын жалғастырмақ.
2024 жылы 8 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында Ташкент ауылшаруашылығы ирригациясы мен мелиорациясы университетінің (Өзбекстан) филиалы ашылды.
− Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізілуде. 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс осы салаға 618 грант бөлді. Бірақ су саласы талапкерлер үшін тартымсыз болып қалуда. Мысалы, былтырғы бөлінген 618 гранттың тек 48%-ы (297 орын) игерілді, − дейді спикер.
Сондай-ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру үшін басым мамандықтардың тізбесіне алғаш рет академиялық оқудан өту үшін «Су қауіпсіздігі» мамандықтары және тағылымдамадан өту үшін: «Су қауіпсіздігі»; «Сумен жабдықтау және су бұру»; «Гидротехникалық құрылыс», «суды тазарту және су дайындау технологиясы»; «Су қауіпсіздігі және су дайындау технологиясы» мамандықтары енгізілді.
Жалпы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «Су ресурстары» мамандығы бойынша 21 адам дайындалған, оның ішінде 5 адам ғылыми тағылымдамадан өткен.
Айта кетейік, алдағы жылдары елімізде су саласының мамандарын дайындайтын 5 колледж ашылады. Олар батыс, шығыс, солтүстік, орталық аймақтарда салынады.
Бұған дейін Г. Жарасова Қазақстан ЖОО-ларына инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізілетінін айтқан еді. Бүгінде Қазақстанның 54 ЖОО-сында инженерлер оқытылады, онда 103 мыңнан астам студент оқиды.
Сондай-ақ, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру мақсатында елімізде 16 шетелдік университеттің филиалдары ашылған.