Су тапшылығы, арзан несие, ауыл инфрақұрылымы: агросекторда не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында агросектор, су ресурстары және экология салалары бойынша жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар мен тиісті министрліктердің өкілдері қатысты.
Агросектор: фермерлерге қаржы және жаңа технологиялар
Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ фермерлердің агрологистикалық орталықтарға қолжетімділігін арттыру, ауылдық инфрақұрылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект енгізу мәселелеріне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, саланың өнімділігі мен технологиялық деңгейін арттыру үшін фермерлерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады.
Бұл бағытта бюджеттік және коммерциялық қаражатты біріктіру тетігі қолданылады. «Бәйтерек» холдингі мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен қайта өңдеуді қаржыландыруды жалғастырады. Ал «ҚазАгроҚаржы» арқылы отандық тракторлар мен комбайндарды сатып алуға арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асырылады.
Су ресурстары: тариф пен бақылау жүйесі өзгереді
Отырыс барысында су тапшылығы және ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Дания Еспаева Мемлекет басшысы суды тұтынуды бақылауды күшейту, су желілеріндегі шығынды азайту, тарифтік реформаны аяқтау және су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру міндеттерін қойғанын айтты.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов саладағы негізгі бағыттарды атады. Олар:
-
су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
-
су үнемдеу технологияларын енгізу;
-
тарифтік саясатты жетілдіру;
-
су ресурстарын басқаруды цифрландыру;
-
халықаралық қаржыландыру тарту;
-
су саласындағы заңнама мен мемлекеттік бақылауды жетілдіру.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа Су кодексінің талаптарын іске асыру және су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін толыққанды іске қосу маңызды. Бұл халық пен экономиканы сумен қамтамасыз етуге және стратегиялық су нысандарын сақтауға бағытталған.
Экология: шығарындыларды бақылау және «Таза Қазақстан»
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитін қамтамасыз ету міндеті қойылғанын жеткізді.
Осы мақсатта электр станциялары мен желілерін салу және жаңғырту, таза көмір технологияларын және жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн энергетикасын дамыту жоспарланған. Көмір станцияларын пайдалану кезінде тазарту технологиялары мен зиянды шығарындыларды бақылауға басымдық беріледі.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалар мен ауылдарда тазалықты сақтау, қоқысты уақытылы шығару, контейнерлік алаңдарды ретке келтіру және заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасады.
Ұсыныстар Үкіметке жолданады
Отырыс барысында Құрылтай депутаттары министрлік өкілдеріне агросектор, су ресурстары және экология салаларындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Жиынды қорытындылаған комитет төрағасы Серік Егізбаев қатысушылардың ұсыныстары Үкіметке жолданатынын айтты.
Құрылтайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің тиімді әрі уақытылы орындалуына атсалысады.
Бұған дейін салық заңнамасына өзгерістер Құрылтай қарауына қашан енгізілетінін жазғанбыз.