Су тапшылығы жағдайында Шардара қоймасындағы артық су қалай бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Сырдария өзені мен Шардара қоймасына қатысты су бөлу тәртібін түсіндірді.
Жиын барысында вице-министрге: «Неліктен Қазақстан 1,8 млрд текше метр суды Өзбекстан аумағындағы Мырзашөлге ағызып жатыр? Бұл еліміздің су тапшылығын күшейтпей ме? Мұны саботаж немесе экономикаға қастандық деуге бола ма?» деген сұрақ қойылды. Осыған байланысты Нұрлан Алдамжаров келесідей түсініктеме берді.
– Сырдария өзеніндегі су ағыны, негізінен, қазан айынан бастап мамыр айына дейінгі кезеңде қалыптасады. Бұл уақытта Шардара қоймасына келетін судың үлесі артады. Жалпы, аталған қоймаға келетін судың жылдық көлемі – шамамен 12 млрд текше метр. Ал Түркістан мен Қызылорда облыстарын толық қамтамасыз ету үшін 15 млрд текше метр су қажет, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бұл қажеттілікті өтеу үшін жыл басында Қазақстан мен Өзбекстан арасында ресми су бөлу жөніндегі келісім жасалады.
– Сол келісім негізінде Шардараға 12 млрд текше метрден артық су келген жағдайда, артық су екі мемлекет арасында тең бөлінеді. Биыл қазаннан сәуірге дейінгі кезеңде Шардараға 12 млрд 760 млн текше метр су келді. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 14,9 млрд текше метрге жетті, - деді ол.
Сондай-ақ Нұрлан Алдамжаров аталған келісім аясында күрделі вегетациялық кезеңге қарамастан, Қызылорда және Түркістан облыстары сумен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Бұған дейін Суармалы алқаптарда су үнемдеу талаптары орындалмай жатқан өңірлер бар екенін жазған едік.