Су тасқыны: Ақтөбе қаласында бүгінге дейін 178 пәтер берілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы бойынша түрлі қор арқылы 190 үй сатып алынады. Қазіргі күні оның 178-і алынды.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындар үшін қорлар арқылы 190 пәтер алып беріледі.
— Бүгінгі күні 178-і алып берілді. BI Group 14, «Қамқор-Ақтөбе 2024» 66, Болат Өтемұратов қоры 98 үй сатып алды. Сонымен бірге «Отбасы банк» арқылы 100 пәтер сатып алу жобасы жалғасып жатыр. Құжат тапсырғандарды тізімге енгізіп, банк талаптарына сәйкес келген жағдайда Ақтөбе облыстық Энергетика басқармасы арқылы банкке жолдама беріледі. «Отбасы банкке» 107 отбасының тізімі берілді. Оның 40-ы банктің келісімін алды. Қалғанының төлем қабілеті, басқа да талаптары сәйкес келуі тексеріп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы бойынша 3500-ден астам отбасы зардап шекті. Техникалық тексеру, бағалау жұмыстары кезінде 190 үй жарамсыз деп танылған.
Қор арқылы пәтер сатып алумен қатар Отбасы банк арқылы несие рәсімдеуге мүмкіндік жасалады. Тек үйдің құны 15 млн теңгеден аспауы керек.